Бүгін Сайрам ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен Ақсу ауылындағы майлықтар мен жөргектер өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Жоба «Capable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі тарапынан 2025 жылы іске қосылған. Өндіріс орны жылына 60 миллион дана дымқыл майлық өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, кәсіпорын балаларға арналған жөргектің айына 50 миллион данасын өндіреді. Онда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнім Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдеріне экспортталады. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
БАҚ өкілдері кейін «Tayiba» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіру зауытына барды. Кәсіпорын 2024 жылдың маусым айында іске қосылған. Бүгінде өндіріс орнында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәулігіне 50 тоннаға дейін қаймақ, айран, құрт сынды сүт өнімдерін өндіреді.
Сондай-ақ, журналистер «Aqua Alba» ЖШС-нің оңалту-сауықтыру кешенінде болды. Аталған жоба 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылған. Кешен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған. Онда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешен тәулігіне 150 адамға қызмет көрсете алады.
Тур аясында Ақсукент ауылындағы «Наурыз–5» ЖШС-нің жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу зауыты таныстырылды. Аталған нысан агроөнеркәсіп саласы бойынша жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жоба 2023 жылдың қыркүйек айында іске қосылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайды. Өндіріс орнында 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыт жылына 2400 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Онда томат пастасы, кетчуп және жеміс шырындарының 60-қа жуық түрі өндіріледі. Өндірісте Түркия мемлекетінің заманауи құрал-жабдықтары қолданылуда.
Бұдан бөлек, тілшілер Көлкент ауылдық округіндегі «Абдирасулов» ЖК-нің ғимарат қабырғалары мен шатырларына арналған метал өнімдерін өндіру зауытына барды. Нысан құрылысының 90 пайызы аяқталып, іске қосуға қажетті құжаттар рәсімделуде. Өндіріс орны толық іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпорын жылына 8 мың тонна өнім шығарады. Зауытта үй қабырғалары мен шатырларына арналған метал өнімдері өндірілетін болады. Жоба аясында өндірілген өнімдер ішкі нарыққа бағытталады.

