ТҮЛЕКТЕРДІҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУ ДЕҢГЕЙІ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ 80 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ЖЕТКЕН

«AMANAT» партиясы биылғы наурыздан бастап «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде 9 және 11 сынып түлектері қатарындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастар үшін кәсіптік білім алу және кейіннен кепілді жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік және кәсіби интеграциялаудың тұрақты механизмін құруға бағытталған «Шексіз мүмкіндік» қосалқы жобасын іске асыруды қолға алды. Партия жанындағы Әйелдер қанатының ұйытқы болуымен жүзеге асып жатқан «Шексіз мүмкіндік» жобасы – әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың әлеуетін ашуға, олардың қоғамнан шет қалмауына және өз болашағын сеніммен құруына жағдай жасайды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдағы инклюзия мәдениетін нығайтуға қызмет ететін жоба аясында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжінде «Кәсіби бағдар беру – мамандық таңдаудағы тиімділік» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Облыстық партия филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның модераторлығымен өткен жиынға Кентау қаласының әкімі, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, Түркістан облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының орынбасарлары, психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беру мекемесінің басшысы, Кентау қалалық емханасының және арнаулы кәсіптік колледж басшыларының орынбасарлары қатысты. Жиынға ZOOM платформасы арқылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева қатысып, «ITeachMe» құзыреттерді дамыту орталығының әлеуметтік бастамаларын таныстырды.

Жиынның мақсат-міндетін түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, «AMANAT» партиясы әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасауға қызмет атқаратынын мәлімдеді. Партиямыз мемлекеттік қолдау азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді тартуға бағытталуы тиіс деп білетінін айтты.

— Инклюзивті білім беруді дамытуда келесі мәселелер бар екені айқындалып отыр: ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп түлектерінің едәуір бөлігі әрі қарайғы білім мен мамандық таңдауда қиындықтарға тап болады, кәсіптік даярлыққа және еңбек нарығына қолжетімділіктің шектеулілігі әлеуметтік оқшаулануға, дербестіктің төмендеуіне және әлеуметтік төлемдерге тәуелділікке әкеледі. Осыған байланысты, партиямыздың «Шексіз мүмкіндік» жобасы сапалы кәсіптік білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуді, жастардың бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар қалыптастыруды, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кепілді жұмысқа орналасу мүмкіндігін беруді, олардың әлеуметтік бейімделу деңгейін арттыруды көздейді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерді кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастырудың тиімді жүйесін құруда – колледж, жұмыс беруші және студент арасында үшжақты келісім жасауға негізделген мемлекеттік мақсатты білім беру тапсырысы механизмі негізгі құрал ретінде айқындалып отыр. Биылғы оқу жылын облыста ерекше қажеттілігі бар 9 сыныпты 272 оқушы, ал 11-ші сыныпты 61 оқушы бітіреді екен. Бүгінгі жиын осы оқушылар үшін аса маңызды, қанша колледж қандай мамандықтар бойынша балалардың қабілетіне қарай қабылдай алады? Қаншасы ЖОО-на үміт артып отырғаны анықталатын болады, — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Жиынға қатысушыларға деген құттықтау сөзін Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов білдірді. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты жүзеге асырып жатқан «Шексіз мүмкіндік» жобасы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 және 11 сынып түлектеріне нақты бағыт-бағдар беріп, олардың болашағына сеніммен қадам жасауына жол ашатын игі іс деп байыптады.

— Бұл – жастарды кәсіптік біліммен қамтып, кейіннен кепілді жұмысқа орналастыру арқылы олардың қоғамға толыққанды бейімделуін қамтамасыз ететін жүйелі тетік. Бүгінгі таңда мұндай кешенді тәсілдің маңызы ерекше. Себебі әрбір жас өз қабілетіне сай мамандық игеріп, қоғамнан өз орнын табуы тиіс. Кентау қаласы үшін бұл жоба айрықша мәнге ие. Өйткені біз үшін әрбір жас – қаланың болашағы, елдің ертеңі. Әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың тағдырына бейжай қарамау – біздің ортақ міндетіміз. Оларға тең мүмкіндік беру, әлеуетін ашуға жағдай жасау – бұл тек әлеуметтік саясаттың емес, адамгершілік ұстанымның да көрінісі. Біз бұл жобаны толық қолдаймыз және оны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады. Қаладағы колледждермен, білім беру ұйымдарымен және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, жастардың сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жағдай жасаймыз. Сонымен қатар, оқу бітірген түлектерді жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда болады, — деді Жандос Қалмұрзаұлы.

Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаев кәсіби бағдар беру – жастардың қабілеті мен қызығушылығына сай дұрыс мамандық таңдауға бағыт беретін маңызды жүйе екенін айтты. Әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы жөнінде жан-жақты мағлұмат берді.

— Бүгінгі іс-шараға ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамын қолдауға бағытталған «Ақниет Holding» қоғамдық бірлестігі мен оның кәсіпорындары да қатысып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында 22 әлеуметтік кәсіпкер тіркеліп, олардың 12 жобасы 5 млн теңгелік мемлекеттік грант иегері атанды. Осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан Künde әлеуметтік кафесі. Künde жобасы 2016 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл желіде 40-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кафе Алматы қаласында 5 нүктеде, Астана қаласында 1 нүктеде қызмет көрсетеді. Қызметкерлердің орташа табысы шамамен 150 мың теңгені құрайды. Ең бастысы – олар өздерін қоғамның толыққанды, қажет әрі бағалы мүшесі ретінде сезінеді, — деген Аслан Сейілбекұлы әлеуметтік кәсіпкерлік жөнінде нақты мысалды келтірді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың хабарламасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы білім беру, олардың құқықтарын қорғау және қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау білім беру жүйесінің негізгі басым бағыттарының бірі екені айтылды. Облыс бойынша инклюзивті білім беруге жағдай жасалған 874 мектеп бар екені айтылып, бұл облыстағы жалпы мектептердің 93 пайызын құрайтыны мәлімделді. Осы мектептерде дефектолог, логопед санатындағы 687,5 арнайы педагог қызмет атқаратыны жеткізілді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мақсатында 9-11 сыныпты аяқтаған балаларды тегін кәсіптік біліммен қамту үшін қажетті шаралар қолға алынғаны айтылды. 2026-2027 жаңа оқу жылында облыс бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына 15 600 орын мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланып отырғаны хабарланды.

Жиын барысында өңіріміздегі 17 аудан бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу орнынан түсуі бойынша соңғы үш оқу жылына жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижелері таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың барлығын толыққанды оқумен қамту, олардың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес мамандық таңдауына жағдай жасау бойынша партияның облыстық филиалы айқындаған мақсат-міндеттер айтылды.

Мәжілісте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтовтың хабарламасы тыңдалды. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысы бойынша мүгедектігі бар азаматтардың саны 103 мың адамнан асады, 2026 жылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға жалпы 17,7 млрд. теңге бағытталғанын айтты. Осы санаттағы азаматтарды оңалту құралдарымен қамту көрсеткіші 54,4 пайызды құрайтынын, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Қолжетімділік картасына енгізілген 3 702 нысанның 2 463-і бейімдеуден өткізілгенін хабарлады.

Жиынға ZOOM платформасы арқылы қосылған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева «ITeachMe» құзыреттерді дамыту орталығының әлеуметтік бастамаларын таныстырды. Бұл жоба 2030 жылға дейінгі мерзімде еңбекке қабілетті жастағы ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету міндетін көздейді. Әлеуметтік осал топтар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған заманауи әлеуметтік-білім беру бастамасы болып табылатын жобаға қатысушылар IT және цифрлық бағыттар бойынша білім алатыны айтылды. Олар сондай-ақ soft skills дағдыларын дамытып, тәжірибелік жобалар мен хакатондарға қатысатыны, менторлық қолдау алатыны мәлімделді.

Кентау қалалық арнаулы кәсіптік колледж директорының орынбасары Айнагүл Сейтжанова бұл оқу орны тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған еліміздегі бірегей оқу орны екенін айтты. Колледжде 15–29 жас аралығындағы білім алушыларға техникалық және кәсіптік біліммен қатар, арнаулы әлеуметтік қызметтердің толық кешені көрсетілетінін жеткізді. Білім алушылар үшін жатақхана, бес мезгіл тамақтану, медициналық қызмет, қажетті тұрмыстық және оқу құралдары қарастырылғанын, сондай-ақ шәкіртақымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Оқу орнында пандустар, лифт және арнайы бейімделген инфрақұрылым қарастырылғаны айтылды. Студенттердің психофизикалық ерекшеліктері ескеріліп, жан-жақты қолайлы жағдай жасалғаны мәлімделді. Қазіргі таңда колледжде үш мамандық бойынша білім беру үдерісі жүретінін, оқу процесі теориялық және практикалық дайындықты, өндірістік тәжірибені қамтитыны айтылды. Нәтижесінде түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі соңғы жылдары 80 пайызға дейін жеткені хабарланды. Биыл аталған колледжді 21 оқушы бухгалтер, IT маман, тігінш-модельері мамандықтар бойынша бітіруде.

Жиын соңында «Ақниет Holding» компаниясының жиһаз құрастыру цехы, «Company Baqsultan», «NN-Tex» тігін цехтары, «Medical Style» арнаулы киімдер шығаратын өндіріс орны, «MegaBite» компьютерлік қызметтер салоны, «Дауленов» ЖК сауда қатарлары, «ECO Атамекен» өндіріс орны осы колледждің бітіруші студенттерімен жеке-дара сұхбаттасулар жүргізіп, бос жұмыс орындары туралы мағлұматтар берді. Іс-шара барысында “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы, бала құқықтарын қорғау басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және Кәсіпкерлер палатасы арасында сындарлы ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды