ШАРУАЛАР ӨНІМДІ ЖИНАУ НАУҚАНЫНА БЕЛСЕНДІ КІРІСТІ

Түркістан облысы, Сайрам ауданында пияз өнімін жинау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл аудан көлемінде 900 гектар алқапқа пияз дақылы егілген болса, қазіргі таңда шаруалар өнімді жинау науқанына белсенді кіріскен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 28 тоннаны құрап отыр. Осы көрсеткішке сәйкес жалпы жиналатын өнім көлемі шамамен 25,2 мың тонна болады деп жоспарлануда.

Жиналған өнім аудан тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіліп, экспортқа шығарылуда. Өнім сапасының жоғары болуы агротехникалық талаптардың сақталуы, суару жұмыстарының уақытылы жүргізілуі және диқандардың мол тәжірибесінің нәтижесі болып саналады.

Бүгінде егістік алқаптарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Шаруалар пияз жинау науқанын белгіленген мерзімде аяқтап, өнімді тиімді өткізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер артып, ауданның аграрлық әлеуеті нығая түсуде. Пияз жинау науқаны толық аяқталғанға дейін тиісті жұмыстар тұрақты бақылауда болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды