«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Келес ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аймақтағы табысты кәсіпорындардың бірі – «Saf» өндіріс орнының жұмысымен танысты. Сапарға сондай-ақ Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты өкілдері қатысып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты. Осы жобаны іске асырған кәсіпкерлермен кездесуде отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы ауданның нақты нәтижелері баяндалды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«Saf» өндіріс орнында тұрмыстық химия өнімдерінің кең ассортименті, соның ішінде күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылатын сусабын түрлері өндіріледі. Кәсіпорында шығарылатын өнімдер заманауи технологиялар негізінде дайындалып, сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, кәсіпорында өзге де тұрмыстық химия өнімдері – тазартқыш құралдар, жуғыш заттар сынды тауарлар өндірісі дамып келеді. Өнімдер сапа мен баға арасындағы тиімді теңгерімді сақтай отырып, кең тұтынушылар аудиториясына бағытталған.
Кәсіпорын қызметімен танысу кезінде өндірістің даму динамикасы, технологиялық мүмкіндіктері және өнім өткізу нарығы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Бүгінде «Saf» өндірісі аудан экономикасының дамуына серпін беріп отырған ірі өндіріс ошақтарының біріне айналып отыр. Өндіріс орнында өнім сапасы мен технологиялық процестердің талапқа сай жүргізілуін тәжірибелі маман Асылбек Есімханов тұрақты бақылауда ұстайды. Ал өндірісті ұйымдастыру, құжат айналымы мен жұмыс үдерісінің жүйелілігін қамтамасыз ету Гүлсін Абдурахманованың жауапкершілігінде. Мұндай нақты бөлінген басқару жүйесі кәсіпорынның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда цехта 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімге деген сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемі кей кезеңдерде айына 100 тоннаға дейін жетеді. Бұл – кәсіпорын өнімдерінің нарықта жоғары сұранысқа ие екенін және бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Айта кету керек, «Saf» өнімдері тек ішкі нарықпен шектелмей, шет елдерге де экспортталуда.
Жұмыс сапарының барысында облыстық партия филиалының төрағасы, өңірдегі осындай өндіріс орындарын қолдау – партияның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобалары аясында кәсіпкерлікті дамытуға, әсіресе аймақтарда жаңа өндірістерді іске қосуға және жұмыс орындарын көбейтуге ерекше мән берілетіні айтылды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

