ОРДАБАСЫ: ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары бірқатар өндірістік нысандарды аралап, олардың іске асырылу барысын зерделеді.

Атап айтқанда, «Central Asia Aluminum Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба құрылыс саласына қажетті алюминий өнімдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ, «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясының ірі қара мал сүйегін өңдеу жобасының құрылыс барысы тексерілді. Жоба арқылы қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделіп, мал сүйегінен түрлі биологиялық өнімдер өндіру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «KAZ KIOTI» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты таныстырылды. Кәсіпорында тракторлар құрастырылып қана қоймай, су үнемдеу технологиялары – жаңбырлатып суару қондырғылары өндірілуде. Сонымен қатар жоғары қысымды температурада шыны өңдеу және ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қажетті өзге де өнімдер шығаратын цехтар жұмыс істейді.

Темірлан өндірістік паркінде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, «ASIA ENERGY Co» ЖШС  күн панельдеріне арналған бөлшектер өндіру, «FAÇADE COMPANY» ЖШС шыны өнімдерін шығару, «ALMEN GROUP» ЖШС кір жуғыш ұнтақ өндіру, «Қарабатыр Агро» ЖШС металл бұйымдарын шығару ісін қолға алған. Сонымен қатар бұл аймақта «Югстройтехнология» ЖШС-нің газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру, «Alem Euro PIR» ЖШС-нің сендвич панель (PIR) шығару, «Steel Frame» ЖШС-нің металл конструкциялар өндірісі, «Bolashak-bal» ЖШС-нің корпус жиһаздарын өндіру жобасы іске асырылуда.

Одан бөлек, кәсіпкерлік бағытта жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары ашылуда. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Смайыл» тарапынан тамақтану орны, автосервис және тұрақ аймағы бар кешен, «M Trade–19» ЖШС-нің жол бойы сервис нысаны, сондай-ақ жеке кәсіпкер Ә. Әлімбековтің мейрамханасы мен «Темірші» демалыс аймағы жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің орынбасары аталған жобалардың өңір экономикасын дамытуда маңызы зор екенін атап өтіп, олардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды