МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН НЫҒАЙТУ

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, азаматтардың несие жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі ретінде еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде іске асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты тұрғындарға қаржыны тиімді басқаруды үйрету, артық қарызға батудың алдын алу және халықтың экономикалық тұрақтылығын нығайту. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Мөлдір Оразова Түркістан қаласындағы Түркістан стансасындағы «Әскерилендірілген темір жол күзеті» мекемесінде болып, мекеме қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өткізді.

Кездесу барысында қатысушыларға жеке қаржыны дұрыс жоспарлау, несие рәсімдеудегі жауапкершілік, отбасылық бюджетті тиімді басқару, қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары мен проблемалық несиелерді реттеу тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар мамандар тарапынан күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық мәселелер бойынша нақты кеңестер беріліп, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар ұсынылды.

Семинар барысында Мөлдір Оразова «Қарызсыз қоғам» жобасының халық үшін маңызына тоқталып, қазіргі таңда қаржылық сауаттылықтың әрбір азамат үшін аса қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба тек қарыз мәселесін шешуге бағытталмайды, сонымен қатар тұрғындардың қаржыға деген көзқарасын өзгертіп, болашақты дұрыс жоспарлауға үйретеді.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған бұл жоба өңір тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бүгінде Түркістан облысында мыңдаған азамат жоба аясындағы оқу курстары мен кеңес беру алаңдарына қатысып, қаржылық мәселелерін шешуге мүмкіндік алған.

Жиын соңында мекеме қызметкерлері ұйымдастырылған семинардың пайдалы болғанын айтып, қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы мұндай шаралардың маңызы зор екенін жеткізді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды