ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ҚОНАҚЖАЙЛЫҒЫНЫҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

2026 жылғы 15 мамыр күні көне шаһар Түркістан түркі әлемінің басын қосқан маңызды халықаралық алаңға айналды. Қасиетті мекенде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті түркі жұртының ынтымағы мен бірлігін нығайтқан тарихи басқосу ретінде ел жадында қалды. Саммитке Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттері, сондай-ақ Венгрия мен Түрікменстаннан жоғары деңгейдегі делегациялар қатысып, түркі интеграциясының келешегі талқыланды.

Халықаралық жиынға арнайы келген мәртебелі меймандар қатарында Режеп Тайип Ердоған, Ильхам Әлиев, Садыр Жапаров, Шавкат Мирзиёев және басқа да бауырлас елдердің ресми өкілдері болды. Саммит аясында мемлекет басшылары түркі халықтарының рухани байланысын күшейту, экономикалық ынтымақтастықты арттыру, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы кеңес өткізіп, халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мен өңір тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, мұндай ауқымды саммитті өткізу – тек ұйымдастырушылық шеберліктің ғана емес, елдің бірлігі мен қонақжайлығының айқын көрінісі.

Мемлекет басшысы шетелдік делегация өкілдерінің Түркістандағы кең әрі сапалы жолдарға, жасыл желекке көмкерілген көшелерге, заманауи саябақтарға, тазалық пен тәртіпке ерекше жоғары баға бергенін атап өтті. Әсіресе, көне шаһардың тарихи келбеті мен заманауи сәулетінің үйлесімі қонақтардың зор қызығушылығын тудырған. Бұл – соңғы жылдары Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығына айналдыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі.

Президент өз сөзінде Түркістанның тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі түркі дүниесі үшін қасиетті мекен екенін ерекше айтты. Сондықтан облыс және қала басшылығына көне шаһарды дамыту, инфрақұрылымын жетілдіру, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын үздіксіз жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы Түркістанның алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі ірі форумдар мен мәдени іс-шараларды тұрақты өткізетін маңызды орталыққа айналуы тиіс екенін жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің абыройын асқақтатуға үлес қосқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайтынын атап өтті. Осыған байланысты халықаралық саммиттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мамандары, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық сала жұмысшылары, еріктілер мен белсенді жастар мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталатынын мәлімдеді.

Түркістанда өткен бұл тарихи саммит бауырлас халықтардың достығы мен ынтымағын одан әрі тереңдетіп қана қоймай, көне қаланың халықаралық беделін жаңа деңгейге көтерді. Түркі жұртының қарашаңырағына айналған қасиетті Түркістан тағы бір мәрте түркі әлемінің рухани астанасы екенін дәлелдеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды