КӘСІПОРЫН ТӘУЛІГІНЕ 1 ТОННА ӨНІМДІ НАРЫҚҚА ШЫҒАРУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Көне Сауран топырағы — ежелден шеберлер мен саудагерлердің, еңбекқор диқандардың құтты мекені болған. Бүгінде сол бабалар жолы жаңа заманның тынысымен үйлесім тауып, шағын және орта кәсіпкерліктің өркеніне айналуда. Осы берекелі өңірде кәсіпкер Обиджон Омаровтың бастамасымен бой көтерген «Амина» кондитерлік цехы — бүгінде айналасына тәтті иіс пен еңбек лебін таратқан берекелі ұя іспетті.

Цехтың есігін ашқаннан-ақ мұндағы тіршіліктің өзгеше бір дүрмегіне куә боласыз. Бір шетінде шығыстың дәмін паш еткен түрік пахлавасы баппен пісіп жатса, екінші жағында үлпілдеген круассандар, қытырлақ кептірілген нандар мен хош иісті бисквиттер пештен жаңа шығып, қатар түзеп жатады. Бұл жай ғана тәттілер емес, 20 бірдей жергілікті тұрғынның маңдай тері мен ықыласы сіңген, отбасыларын асырап отырған тұрақты жұмыс орнының жемісі. Кәсіпорынның қуаттылығы сондай — тәулігіне 600 қорапқа дейін, яғни тұтастай 1 тонна өнімді нарыққа шығаруға қауқарлы.

Бұл өнімдер тек Сауран деңгейінде қалып қоймай, еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартуда. Ару Алматы мен шырайлы Шымкенттен бастап, қиырдағы Жезқазған, берекелі Жетісай, қасиетті Түркістан мен бас қаламыз Астанаға дейін «Амина» өнімдерін шәрбаттай көріп, сұранысқа ие қылуда. Ел ішіндегі мұндай үлкен сұраныстың сыры — өндірістің ерекше технологиясында жатыр.

Обиджон Омаров бауырлас Өзбекстан елінен франшиза арқылы арнайы технология алдыртып, өндіріске енгізген. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері ешқандай тоңазытқыштың көмегінсіз-ақ, тұп-тура 30 күн бойы өзінің алғашқы балғын дәмі мен жұмсақ сапасын титтей де жоғалтпайды. Бұл — отандық нарықта сирек кездесетін, асқан ұқыптылық пен ерекше құпия рецептті талап ететін үдеріс. Сауран төрінде басталған бұл тәтті кәсіптің тамыры тереңге жайылып, ел игілігіне қызмет ете берері сөзсіз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды