ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысында халықаралық транзит үшін аса маңызды жобаның құрылысы басталды. Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енген ірі инфрақұрылымдық жоба болатын. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы өте тығыз екенін айтып, сондықтан осы жылы Сарыағаш айналма жолының құрылысы қолға алынатынын жариялаған еді. Осы санаттағы бірнеше жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі деген сенімін білдірді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындардың көптен бері көтеріп келе жатқан жол мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған. Партияның басты ұстанымы – ел игілігіне қызмет ететін әрбір жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету болса, бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш – Орталық Азиядағы маңызды транзиттік тораптардың біріне айналғанын айтты. Алайда қазіргі екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке ғана есептелгенімен, бүгінде оның жүктемесі 18-20 мың автокөлікке жеткен. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп, қозғалыс тығыздығы артқан. Осы мәселені шешу мақсатында басталған жаңа жоба – аймақтың инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңі болып отыр.

Ұзындығы 102,6 шақырымды құрайтын жаңа айналма жол Сарыағаш және Келес аудандары арқылы өтеді. Жол төрт жолақты болып салынып, тәулігіне 13,5 мың көліктің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 204 млрд. теңге құрайды, ал құрылыс жұмыстары 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен жүзеге асырылады.

Жоба аясында заманауи талаптарға сай 8 көліктік жолайрығы, 2 теміржол өткелі, 22 көпір, 4 демалыс алаңы, 26 қоғамдық көлік аялдамасы, 223 су өткізу құбыры, 4 жаяу жүргіншілер өткелі және ауыл шаруашылығы техникалары мен мал өтуіне арналған 21 арнайы учаске қарастырылған. Бұл – жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жолаушылар мен жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жоба іске асқанда Мақтаарал, Жетісай, Шардара бағыттарындағы жол сапасы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптасады. Сонымен қатар халықаралық транзиттік дәліздердің өткізу қабілеті артып, өңірдің экономикалық белсенділігіне серпін береді.

Жалпы, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы өңірде 863 шақырым жол жөнделсе, биыл 1138 шақырымға жуық жолды жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін іске қосу да көлік-логистика саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Партия үшін басты міндет – халыққа қолайлы жағдай жасау, өңірлердің әлеуетін арттыру және экономикалық өсімге жол ашу. Сарыағаш айналма жолы – осы мақсаттарға жету жолындағы нақты әрі нәтижелі жобалардың бірі. Партиялық бақылау бұл нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды