ӨҢІРДЕГІ АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІҢ АРТУЫНА ЖОЛ АШАТЫН НАҚТЫ ҚАДАМДАРДЫҢ БІРІ

«AMANAT» партиясының халықпен кері байланыс орнату және өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу бағытындағы жұмыстары нақты нәтижесін көрсетуде. Осы санаттағы нақты жұмыстардың бірі ретінде, Келес ауданы Жүзімдік ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі ағын су жүйесіне қатысты мәселенің шешім табуын ерекше атап өтуге болады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл тұрғындары тарапынан ағын су каналдары мен қашыртқыларды тазалау қажеттігі бірнеше рет көтерілген болатын. Әсіресе, егістік алқаптарына су жеткізу барысында туындаған қиындықтар ауыл шаруашылығы саласының өнімділігіне кері әсерін тигізіп келген. Тұрғындардың бұл өтініштері назардан тыс қалмай, партияның қоғамдық қабылдау алаңдары мен жергілікті өкілдер арқылы тиісті деңгейде зерделенді.

Нәтижесінде, «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының бастамасымен және аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Ерлан Молдабаевтың тікелей ықпалымен нақты жұмыстар қолға алынды. Округ аумағындағы ағын су арналары мен қашыртқыларға арнайы техника жұмылдырылып, механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су арналарының өткізу қабілеті едәуір жақсарып, егістік жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артты. Диқандар үшін аса маңызды мәселенің шешім табуы өңірдегі аграрлық әлеуеттің артуына жол ашатын нақты қадамдардың бірі болып отыр.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында облыс елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және аграрлық саланы қолдау бағыттарын басымдық ретінде айқындаған. Партия өкілдері партия белгілеген міндеттерді іске асыруда, тұрғындар көтерген мәселелерінің шешімін табуына ықпал етіп, мұндай игі бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыра беретін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды