ҚР Премьер–министрінің орынбасары Қ.Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін басқа облыстарда қолдану мәселесін пысықтау мақсатында Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және барлық 17 облыс, 3 қала әкімшілігі өкілдерінен құралған жалпы 40-қа жуық делегация өкілдері Түркістан облысына арнайы іссапармен келді. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іссапармен барысында, Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, жаңбырлатып суғару технологияларын шығаратын «BNK Group», жиһаз өнімдерін өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыш шығаратын «UBC Групп» және басқада бірқатар жобалардың жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, Сауран ауданы аумағындағы «Иассы», «Ескі Иқан», «Дәморда» және «Қарашық» шағын өндірістік парктердің құрылысымен танысты.
Делегация құрамы өңірде құрылып жатқан шағын өндірістік парктер жұмысын оң бағалап, бұл бастаманың шағын және орта бизнестің және өңірдің бизнес климатының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінгі таңда, облыстың барлық аудан және қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаңдар құрылды. Алаңдарда 258 өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған ғимараттарда орналасатын жобалармен (251 жоба) келісімдер жасалынған.
Жалпы инвестициялық құны 192,0 млрд. теңге. Нәтижесінде 5 218 жұмыс орны құрылып, болжаммен жылына 96,0 млрд. теңге импротты алмастыру өнімдері өндірілетін болады.

