Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан түрлі мемлекеттік және партиялық бағдарламалар ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға нақты қолдау көрсетіп келеді. Солардың қатарында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының орны ерекше. Бұл бастама ауыл азаматтарының кәсіпкерлікке бет бұруына жол ашып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осындай табысты жобалардың бірі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында жүзеге асқан. Кәсіпкер Досым Тұранов аталған жоба аясында өз кәсібін бастап, бүгінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған шағын өндіріс орнын қалыптастырды. Ол кәсіп ашу нақты бизнес-жоспар дайындаған. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, пластик есік-терезе шығаратын шеберханасын іске қосқан.
Бүгінде кәсіпкер өз ауылымен қатар көршілес елді мекендерден де тапсырыс қабылдап, сапалы өнім ұсынып келеді. Досым Тұранов бұрын тұрақты жұмыс орны болмай, басқаға тәуелді болып жұмыс істегенін, қазір, өз кәсібін дөңгелетіп отырғанын жеткізді.
— Тапсырыс берушілер саны да артып келеді. Ең бастысы бірнеше азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Осы ретте жобаға бастамашыл болған “AMANAT” партиясына алғысымды білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында ауыл жастары кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін ашуға мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, жұмыс орындарын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда ол пластик есік-терезелерді дайындаумен айналысатын шеберханасын толық іске қосқан. Тапсырыстарды тек өз ауылынан ғана емес, көршілес елді мекендерден де қабылдап, тұтынушылар сұранысына сай өнім шығаруда. Бұл оның кәсібінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұрын өз цехы болмағандықтан, басқаға тәуелді болып жұмыс істеген Досым Сабырұлы үшін бұл үлкен жетістікке айналды.
Жуырда Шарбұлақ ауылына арнайы барған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудан басшылығы және аудандық партия филиалының жауапты азаматтары кәсіпкердің жұмысымен танысты. Олар өндіріс барысын көзбен көріп, жобаның ауыл өміріне әкелген нақты пайдасын жоғары бағалады. Кәсіпорынның жұмыс істеуі тек бір адамның табысын арттырып қана қоймай, ауыл жастары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып отырғаны атап өтті.
Кездесу барысында жоба аясында көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығы ерекше айтылды. Бұл бастама ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін қалыптастыруға, өз кәсібін жүргізуге сенімді негіз бола алатыны жеткізілді. Әсіресе еңбекқор, бастамашыл жастар үшін мұндай бағдарламалардың тиімділігі зор екені сөз болды.
Жалпы мұндай жобалар ауылдардың дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуде. «Ауыл аманаты» сияқты бастамалар арқылы кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар саны артып, ауыл экономикасы біртіндеп жанданып келеді.

