Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытудың нақты әрі нәтижелі тетігіне айналып отыр. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба халықтың табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазығұрт ауданында бұл бағдарламаның тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденуде. Атап айтқанда, 2026 жылы аудан бойынша 131 жобаны қаржыландыруға 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Ал жалпы Түркістан облысы бойынша 2023–2025 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 30 млрд 200 млн теңге қаралып, 3790 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 4600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Бағдарлама аясында табысты жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің бірі Рабат ауылындағы жеке кәсіпкер Насихат Шораева. Ол 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 8 млн теңге қаржы алып, 16 бас сауынды сиыр сатып алған. Қазіргі таңда оның 7 сауынды сиырынан тұрақты түрде өнім алынып, сүт жергілікті сауда орындарына өткізілуде. Кәсіпкер күніне шамамен 20 литр сүт өндіріп, одан 3 келі құрт және 3 келі май дайындайды. Өнімдері жоғары сұранысқа ие, әрқайсысы 4000 теңгеден сатылуда.
Кәсіпкер жоба тиімділігін ерекше атап өтіп, ауыл тұрғындарын осындай жобаның тиімділігін көруге шақырды.
— «AMANAT» партиясына алғысым шексіз. Ауыл халқы үшін 2,5 пайызбен несие беру үлкен қолдау. Қазіргі таңда өндірген өніміміз ауыл ішінде толық өтеді. Күн сайын тұтынушыларымыз келіп, кезекке тұрып алады. Алдағы уақытта шаруашылығымды кеңейтіп, үлкен қора салып, сиыр фермасын ашсам деген жоспарым бар, – дейді Насихат Шораева.
Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы нақты табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, еңбекке деген ынтасын күшейтуге және ауыл экономикасын жүйелі дамытуға негіз болып отыр.

