АКВАПАРК САЛУ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 80 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жеке кәсіпкер Надир Абдусаттаровпен кездесу өткізіп, аудан аумағында аквапарк салу жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында тараптар инвестициялық жобаны іске асырудың негізгі бағыттарын айқындап, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктерін пысықтады. Аталған жоба «НАДЫР» ЖК бастамасымен қолға алынып отыр. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 1200 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған. Нысан Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінде орналасады. Құрылыс жұмыстарын 2026–2027 жылдары іске асыру көзделген.

Қазіргі таңда нысан аумағында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, атап айтқанда газ, су және электр қуатына қатысты есептеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, Сауран ауданы әкімдігінде аквапарк салу жобасын жүзеге асыру мақсатында меморандумға 2024 жылғы қараша айында қол қойылған болатын. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен жоба авторы Надир Абдусаттаров осындай келісімге қол жеткізген еді. Тараптар арасында белгілі бір міндеттемелер мен жауапкершіліктерді айқындап, жобаның табысты жүзеге асырылуына алғашқы қадам жасаған-тын.

Аквапарк салу жобасы ауданның экономикасына оң әсерін тигізіп, жергілікті тұрғындардың демалу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, туристік ағынды арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Әкімдіктің қолдауы жобаның іске асырылуында маңызды рөл атқарады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды