Бүгін Түркістан облысы прокурорының орынбасары Тлемисов Дәулет Бекбашұлы Шардара ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, сондай-ақ дербес бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудан аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, әлімжеттік, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар, жиында аудандағы ауыз су, ағын су және кәріз жүйелерінің жай-күйі мен осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайы қаралды.
Дәулет Бекбашұлы соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қатысты бопсалау мен қорқыту фактілерінің жиілеп кеткенін атап өтіп, бұл мәселелерге бей-жай қарамауға шақырды. Сондай-ақ, билік пен халық арасындағы өзара сенімді бұзуға бағытталған арандатушылық әрекеттерге қарсы бірлесіп күресу қажеттігін айтты.