Бүгін Төлеби ауданында балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруға бағытталған «Төлеби Нұры» жазғы лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Төлеби ауданының білім бөлімі хабарлады.
Іс-шара барысында балаларға арналған ұлттық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, балалар тоғызқұмалақ, шахмат, бес асық, асық ату, арқан тарту сияқты сайыстарда өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ табиғат аясында сурет салу, кесте тоқу өнері бойынша шығармашылық жұмыстар ұсынылып, балалардың қызығушылығы мен қабілеттері айқындалды.
Ашылу салтанаты Мемлекеттік Әнұранмен басталып, шараға Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы, Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Бақытбек Саттарұлы, Ардагерлер кеңесінің мүшесі Егізбай Сүттібаев, сондай-ақ Отбасылық үлгідегі балалар ауылы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қайрат Ибрашев қатысып, лагерь қатысушыларына жылы лебіздері мен игі тілектерін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама барысында лагерь топтары өз ұрандарын таныстырып, «Шабыт» және «Ақкербез» би топтарының әсерлі өнері көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар балалардың орындауында «Мен қазақпын», «Рухты ару», «Менің досым» әндері шырқалып, «Ерке сылқым» күйі орындалып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл игі бастама балалардың жазғы демалысын мазмұнды, қызықты әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беріп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

