Төлеби ауданының білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының 11-сынып түлектеріне орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы Төлеби ауданының білім бөлімі хабарлады.
Биыл аудан бойынша 62 мектептен 1818 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның ішінде 104 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 156 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Бұл – білім алушылардың қажырлы еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беру жолындағы табысты жұмысының нәтижесі.
Салтанатты шара барысында түлектерге аттестаттары табысталып, үздік жетістіктерімен ерекшеленген оқушылар марапатталды. Ұстаздар мен ата-аналар мектеп бітірушілерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, болашақ өмір жолында сәттілік пен толағай табыстар тіледі.
Мектеп қабырғасындағы алтын ұямен қоштасқан жас түлектер үшін бұл күн – жаңа өмірге бастар маңызды қадам, үлкен үміт пен асқақ армандарға толы ерекше мереке болды.
Төлеби ауданының білім бөлімі барлық түлектерді айтулы жетістіктерімен құттықтап, жарқын болашақ, биік белестер мен ел игілігі жолындағы табысты қадамдар тілейді!

