Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлігін дамытудың тиімді тетігіне айналып отыр. «AMANAT» партиясы қолға алған бұл бастама – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған нақты қолдау. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде табысты қызмет атқарып отырған шаруашылықтардың бірі Қызылқия ауылдық округінде орналасқан. Мұнда жеке кәсіпкер Әбдіманап Бекмұрзаев жылыжай шаруашылығын жүргізіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Көп жылдық еңбек тәжірибесін ауыл шаруашылығына арнаған кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген шартпен, яғни 2,5 пайызбен 8 миллион теңге несие алып, 0,15 гектар аумаққа заманауи жылыжай кешенін салды.
Бүгінде бұл жылыжайда көкөніс өсіріліп, жылына 10 тоннаға жуық қызанақ өнімі алынады. Жергілікті өнім аудан орталығы мен Алматы қаласындағы сауда орындарына жеткізіліп, халықты сапалы әрі экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жоба аясында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың айлық жалақысы 150-180 мың теңгені құрайды.
Кәсіпкер өндіріс барысында сапаға ерекше мән беріп, заманауи агротехнологияларды қолдану тәжірибесін енгізген. Жылыжайда дәрумендер мен минералды тыңайтқыштар пайдаланылады, нәтижесінде экологиялық талаптарға сай өнім өндірілуде.
Аталған жобаның жұмысымен танысу мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және Қазығұрт ауданы әкімдігінің жауапты азаматтары арнайы барып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Кездесу барысында ауыл кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызы кеңінен сөз болды.
«Бұл бастама – ауылдағы ағайынның өз кәсібін бастауына, нәсібін табуына, еңбек арқылы еңсесін тіктеуіне берілген нақты мүмкіндік. Бүгін біз көріп отырған жылыжай шаруашылығы – осы бағдарламаның нәтижесінде іске асқан жоба. 2,5 пайызбен берілген несие – ауыл тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған қолдау. Ауылдарда жаңа жұмыс орындары ашылып, адамдар тұрақты табыс табуда. Алдағы уақытта да «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіле береді», – деп атап өтті облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.
Кәсіпкер Әбдіманап Бекмұрзаевтың айтуынша, аталған жоба ауылдағы кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.
«Мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 8 миллион теңге несие алдым. Бұл – ауылдағы кәсіпкерлер үшін өте тиімді мүмкіндік. Мемлекет басшысына және «AMANAT» партиясына үлкен алғысымды білдіремін. Алғашында 15 соттық жерге қияр еккен болатынмын, биыл қызанақ өсіруге көштік. Қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жылыжайда дәрумендер мен минералды тыңайтқыштарды қолданып, экологиялық таза өнім өндірудеміз. Алған несиенің жартысын қазірдің өзінде өтедік. Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – алғашқы жылы төлемге каникул беріледі, ал кейін несиені жылына екі рет – көктемде және күзде, өнім алған кезде өтеуге мүмкіндік бар», – деді ол.
Ауылдағы шағын жобаның осындай табысты іске айналуы – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы табыс көзін ашып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, еңбекке деген ынтасын күшейтуге жол ашуда.

