ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау биылғы жылдың 23 тамызына тағайындалды. Конституцияға сай қабылданған бұл шешім халық пен билік арасындағы тікелей диалогты нығайтудың басты кепілі болмақ. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда сайлаушылар тізімі, заңнамалық жаңашылдықтар, партияларды тіркеу, халықаралық байқаушылар қызметі мен комиссия мүшелерін оқыту сияқты 7 негізгі мәселе қаралды.

Саяси науқанға еліміздің ең тығыз қоныстанған өңірлерінің бірі — Түркістан облысы да қызу дайындалуда. Бүгінде облыста 1 203 400-ден астам сайлаушы тіркелген. Бұл — республика бойынша сайлаушылардың 10%-ын құрап отыр. Өңірдегі сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін 952 учаскелік комиссия жұмыс істейді.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау науқаны 1 шілдеде ресми түрде тағайындалды. Саяси партиялардың тізімдерін ұсыну 2 шілде мен 13 шілде аралығында жүргізілсе, оларды ресми тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Сонымен қатар 11 шілдеге дейін аумақтық комиссиялардың, ал 16 шілдеге дейін учаскелік комиссиялардың құрамы мен шекаралары жариялануы тиіс.

Ең жауапты кезең — сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта, дәлірек айтқанда 2 тамызда сайлаушылар тізімі учаскелік комиссияларға беріліп, 7 тамыздан бастап азаматтар өз деректерін тексере алады. Сайлау алдындағы 22 тамыз — тыныштық күні деп жарияланса, 23 тамыз — ресми дауыс беру күні болып белгіленді. Саяси науқан барысында халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің ашық жұмыс істеуіне және комиссия мүшелерін оқытуға ерекше басымдық беріледі.

Аңсар ӨСЕРБАЕВ,

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды