Түркістан қаласында 31 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Ғажайып-П» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Көпжылдық тәжірибесі бар кәсіпорын бүгінде облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып, халықты күнделікті қажетті нан өнімдерімен тұрақты түрде қамтып отыр.
Кәсіпорын әлеуметтік дүкендерге, ірі сауда желілеріндегі әлеуметтік бұрыштарға, сондай-ақ өңірде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне нан өнімдерін тұрақты жеткізуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді бағамен нан сатып алуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізіп келеді.
Қазіргі таңда «Ғажайып-П» ЖШС әлеуметтік маңызы бар бірінші сұрыпты нанды бекітілген келісімшарт талаптарына сәйкес 70 теңгеден сатуда. Бұл – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралардың тиімді жүзеге асуына қосылып отырған маңызды үлестердің бірі. Кәсіпорын белгіленген бағаны сақтау үшін өндірістік үдерістерді тиімді ұйымдастырып, өнім сапасын тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында серіктестік Сауран ауданында, Кентау–Түркістан тасжолы бойында жаңа нан өндіру цехының құрылысын жүргізуде. Жаңа өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, өндіріс қуатын арттыруға және өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Жоба іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты едәуір артып, Түркістан қаласы, Сауран ауданы және Кентау қаласының тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар нан өнімдерімен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Сонымен қатар жаңа цехтың ашылуы қосымша жұмыс орындарының құрылуына, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және нан өнімдерінің үздіксіз жеткізілуіне оң ықпал етеді.
Бүгінде «Ғажайып-П» ЖШС өндірістегі сапа стандарттарын сақтай отырып, тұрғындардың сұранысына сай өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Кәсіпорынның ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесі, жауапкершілігі және әлеуметтік бағыттағы жұмысы өңірдегі азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес болып саналады.
Алдағы уақытта жаңа өндіріс орнының іске қосылуы кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді нан өнімдерімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты одан әрі күшейте түседі деп күтілуде.

