ІШКІ НАРЫҚТЫ САПАЛЫ ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Келес ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бағдарлама аясында 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайтын 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аталған бағдарлама ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға немесе қолданыстағы ісін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, мал шаруашылығы, егін және бақша шаруашылығы, жылыжай кешендерін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндірістік кооперативтер құру және қызмет көрсету саласындағы бастамаларға басымдық берілуде. Жеңілдетілген несие ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып қана қоймай, ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етуде.

Бүгінде Келес ауданында бағдарлама аясында жүзеге асқан бірқатар жобалар табысты жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, жүзім шаруашылығын дамытуға бағытталған шаруашылықтар өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Сонымен қатар, шағын өндіріс орындары ашылып, шұлық шығару, сүт өнімдерін өңдеу, жылыжайларда көкөніс өсіру сияқты кәсіптер қарқынды дамып келеді. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік беруде.

Бағдарлама шеңберінде өндірістік кооперативтер құруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өндіруге, өңдеуге және өткізуге жағдай жасап, шаруалардың табысын арттыруға ықпал етеді. Кооперация арқылы техника мен құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану, өндіріс шығындарын азайту және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту көзделген.

Алдағы кезеңде де бағдарлама аясындағы жұмыстар жалғасын табады. 2026 жылы Келес ауданында 154 жобаны қаржыландырып, 310 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш аудан экономикасын әртараптандыруға, ауылдағы кәсіпкерліктің үлесін арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен шағын несие алып, мал және өсімдік шаруашылығы, құс өсіру, жылыжай шаруашылығы, өнім өңдеу, қызмет көрсету салалары мен өндірістік кооперативтерді дамыту бағытында өз жобаларын жүзеге асыра алады.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Келес ауданында жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығының өнімділігі артып, тұрғындардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік жасалуда. Бағдарламаның тиімді жүзеге асуы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды