ЗАМАНАУИ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНДЕРІНІҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

 «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында ауыл шаруашылығын дамыту арқылы азаматтардың табысын арттыру міндеттері белгіленген. Соның ішінде өңір аумағындағы жылыжай кешендерінің көлемін 1700 гектарға дейін ұлғайту индикаторлық көрсеткішіне қол жеткізу межеленген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыста қалыптасқан қолайлы климаттық ахуал және ауыл шаруашылығы саласындағы жинақталған мол тәжірибе өңірде жылыжай өндірісін кең көлемде дамытуға мүмкіндік берді. Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы барлық жылыжайлардың көлемі 1715 гектарға жетіп, Түркістан облысы Қазақстандағы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша көш бастап тұрған өңірге айналды. Еліміздегі барлық жылыжайлардың 76 пайызы біздің өңірде орналасып, осы шаруашылықтарда 2025 жылы 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді. Жылыжай шаруашылықтарын құру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Өңірде жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асып, заманауи жылыжай кешендерінің саны артып келеді.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінде іске асырылуда. Мұнда  «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-гі 51 гектар аумақта агроөндірістік жылыжай кешенін салды. Облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жоба, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығын индустрияландыруға және экспорттық әлеуетін арттыруға қызмет ететін болады. Алғашқы кезеңнің өзінде 51 гектар аумақтан 27 мың тонна қызанақ өнімі алынды. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, жылыжай алқабы 500 гектарға дейін ұлғайтылмақ. Кешен 2030 жылы толық қуатына шығып, жылына 240 мың тоннаға дейін өнім өндіру мүмкіндігіне ие болады. Жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетімізді де арттырмақ.

Инвестициялық жобаның құны 42 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыруды Қазақстанның Даму банкі қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, қажетті инфрақұрылым толық тартылған. Кешен электр энергиясы, газ және сумен қамтамасыз етілген. Жылыжайға Нидерланд жабдықтары орнатылған. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған: температураны реттеу, суару, жарықтандыру және өсімдіктерді қоректендіру цифрлық басқару жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жоба аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. Кешен толық қуатына шыққанда тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны арта түседі. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды оқыту және олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды