ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР УАҚТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ТИІС

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде биыл іске асырылатын инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы және облыс аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаларға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында жауапты сала басшылары мен аудандар мен қалалардың әкімдері және жоба бастамашылары жобалардың іске асу барысы, дайындық деңгейі, туындаған мәселелер бойынша баяндап, өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды.

Қанат Қайыпбек жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру, оларды сүйемелдеу тетіктерін күшейту және туындаған кедергілерді жедел шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.

–  Инвестициялық жобалардың әрқайсысы уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Туындаған кедергілерді созбалаңға салмай, жедел шешу қажет. Әр жоба – өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдіктері үйлесімді жұмыс істеп, нақты нәтижеге бағытталуы керек. Әрбір инвестициялық бастаманың нәтижесі, тиімділігі және жұмыс орындарының саны тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА орналасқан «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС 16 роторлы (айналмалы) иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауытының құрылысын қолға алған. Келес ауданында «Ажур» ЖШС қуаттылығы 20 МВт күн электрстанциясын салып жатыр. Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» АӨК жемістерді қайта өңдеу цехы және көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жетісай ауданындағы «Olzha Smart» ЖШС жалпы білім беретін мектебі соғылуда. Бәйдібек ауданында «AMANAT AGRO BAIDYBEK» АӨК мақта өңдеу мен тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорынның құрылысын іске асыруда.

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн. теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд. теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да өңірге 1,7 трлн. теңге инвестиция тарту көзделген. Осы мақсатта жалпы құны 369 млрд. теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды