ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРУҒА, ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН 11 ЖОБА ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысында бой көтеретін әрбір нысанның сәулеттік келбеті, құрылыс сапасы және қолданыстағы заң талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауға алынған. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдің сәулеттік келбетін жақсартуға, туристік әлеуетін арттыруға және инвестиция тартуға бағытталған 11 жоба қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес барысында облыс әкімі жобалардың сапасына, заң талаптарының сақталуына және сәулеттік шешімдердің өңірдің бірегей келбетіне сай болуына ерекше назар аударды.

– Заңсыз құрылысқа жол берілмейді. Барлық жобаның заң талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз етіңіздер. Әрбір жауапты тұлға өз міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындаса, ешқандай мәселе болмайды. Мақұлданған жобаларды іске асыру барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Кеңес отырысында Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жобасы және «Түркістан – Қарнақ» туристік маршруты аясында ашық аспан астындағы археологиялық парктің сәулеттік тұжырымдамасы таныстырылды. Сонымен қатар облыс орталығындағы көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын абаттандыру және көгалдандыру жобалары қаралып, олар бойынша тиісті ұсыныстар берілді.

Бұдан бөлек, жеке инвесторлар өз қаражаты есебінен Түркістан қаласында жалпы аумағы 1,6 гектар болатын заманауи сауда-ойын-сауық орталығын, жанармай құю станциясын, автокөлікті кешенді күтіп-баптау орталығын, сондай-ақ мейрамхана мен қонақ үй салу жобаларын таныстырды. Кеңес мүшелері нысандардың сәулеттік келбеті, функционалдық ерекшеліктері мен инфрақұрылымға әсері жөнінде пікір алмасты.

Жиында сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын Түркістан медициналық туризм орталығын салу жобасын ұсынды. Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ.

Сонымен бірге кәсіпкерлердің бірі шығыс сәулет үлгісі мен ұлттық нақыш үйлесім тапқан таунхаус кешенінің жобасын таныстырды. Жоба өңірдің сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып жүзеге асырылмақ.

Әрбір жоба бойынша жауапты тұлғалар мен инвесторларға нақты ұсынымдар беріліп, мақұлданған жобалардың сапалы әрі заң талаптарына сай жүзеге асырылуы бақылауға алынды.