ЕЛ ЕСТЕЛІГІНДЕГІ ЕСІМ: ТӘРКІЛЕУДІ ДЕ, МАЙДАНДЫ ДА КӨРГЕН ПӘШКЕН ҚАРИЯ

Сыр өңірі — шежірелі тарихтың алтын бесігі. Оның әрбір тасы мен әрбір ауылында ұлттың басынан өткен қилы замандардың тірі куәгерлері өмір сүрді. Солардың бірі — Шиелі топырағында туып, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан, соғыс майданында қан кешкен, соңында елінің ардақты азаматына, діни сауаты бар имамына айналған еңбек ардагері Пәшкен (Қожаймәмбет) Жәкешов.

Ашаршылық пен тәркілеу жылдары

Пәшкен Жәкешов 1907 жылы Шиелі ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты — Қожаймәмбет. Алайда жас кезінде жеңгелері еркелетіп «Пәшкен» деп атап кеткен бұл есім кейін оның өмірлік есіміне айналып кетті.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы зұлмат жылдар Жәкешовтер отбасын да айналып өтпеді. 1927 жылғы байларды тәркілеу (кәнпеске) мен 1931–1933 жылдардағы сұрапыл ашаршылық кезінде Пәшкен қария әкесі Жәкеш пен бірге туған бауырларынан айырылып, тағдырдың ауыр соққысын тартты.

1928 жылы колхоздастыру науқаны басталғанда, ол Шиелі ауданының «Қызылту» (қазіргі Ыбырай Жақаев атындағы) ауылына қоныс аударады. Онда қарапайым колхозшы болып еңбек ете жүріп, өңір тарихында айрықша орны бар, қолдан қазылған Шиелі каналының құрылысына бастан-аяқ қатысты. Осы жылдары ол даңғайыр диқан, Екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен тығыз араласып, өмірінің соңына дейін ағалы-інілі сыйластықта болған.

Сталинград шайқасы және майдандағы ерлік

1941 жылы 8 тамызда Пәшкен Жәкешов Отанды қорғауға шақырылады. Әуелі Қиыр Шығыста арнайы әскери дайындықтан өтіп, кейін соғыстың ең қанды нүктесі — Сталинград майданына жіберіледі. Қаһармандықпен шайқасқан ол ауыр контузия алып, елге қайтарылады. Өкінішке орай, оның інілері Сәпихан мен Ыбыраш соғыс даласынан оралмады.

Елге оралған соң да майданға көмек беруді тоқтатқан жоқ. Тылда жүріп күріш екті, түнделеп су байлады, «Заготзерноға» өгізбен күріш тасып, мал бақты. Жеңісті жақындатуға тылда да жан аямай үлес қосты.

Еңбекпен өрілген кейінгі өмір

1957 жылы анасының өтінішімен Еңбекші ауылына көшіп, қой шаруашылығын өркендетуге атсалысты. 1967 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қарап отырмай, өмірінің соңына дейін ауыл имамы болып, елді ауызбіршілікке, имандылыққа шақырды.

Пәшкен қария өте сөзге шешен, құймақұлақ әңгімешіл адам болған. Көзкөргендердің айтуынша, 1966 жылы ғалым-жазушы Балтабек Адамбаевтың шығарған «Шешендік сөздер» кітабын оқып, ондағы дала шешендігінің маржандарын түгелдей жатқа білген.

Ғасырға жуық уақыт өмір сүріп, артында өнегелі із, салиқалы ұрпақ қалдырған Пәшкен Жәкешовтің өмір жолы — бүгінгі жас ұрпақ үшін еңбекқорлық пен қайсарлықтың нағыз үлгісі.

Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,

филолог, ұстаз.