46 МЫҢ ТОННА АСТЫҚ ҚАМБАҒА ТҮСТІ

Ордабасы ауданында биылғы астық жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда. Жыл бойы жердің бабын жасап, егіннің күтіміне ерекше мән берген диқандар үшін қазір ең жауапты кезең – жиын-терім жұмыстары. Аудан еңбеккерлері қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, піскен өнімді ысырапсыз жинауға бар күш-жігерін жұмылдыруда.

Биыл аудан көлемінде 30,7 мың гектар алқапқа масақты дақылдар егілген. Оның басым бөлігін бидай мен арпа құрайды. Бүгінгі таңда 27,1 мың гектар жердің астығы орылып, қамбаға 46 мың тонна өнім құйылды. Қалған егіс алқаптарында орақ жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.

Астық жинау науқанына қажетті техника толық жұмылдырылған. Комбайндар мен жүк көліктері үздіксіз жұмыс істеп, жиналған өнім уақытылы астық қабылдау орындарына жеткізілуде. Сонымен қатар жанар-жағармай қоры жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіліп, шаруалардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған.

Ордабасы ауданының диқандары үшін бұл көрсеткіш – тек мол өнімнің ғана емес, маңдай термен келген адал еңбектің нәтижесі. Егін шаруашылығында заманауи агротехнологияларды пайдалану, сапалы тұқым себу, минералдық тыңайтқыштарды тиімді қолдану және суару жүйесін оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстар да биылғы өнімнің мол болуына өз ықпалын тигізді.

Қазіргі таңда шаруалар егінді ысырапсыз жинап алып, астықтың сапасын сақтай отырып сақтау орындарына өткізуді басты назарда ұстап отыр. Мамандардың айтуынша, ауа райының қолайлы болуы жиын-терім жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы – Ордабасы ауданы экономикасының негізгі салаларының бірі. Сондықтан астық жинау науқанының табысты өтуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді. Еңбекқор шаруалардың еселі еңбегі нәтижесінде ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еліміздің астық қорын толықтыруға кезекті үлес қосылуда.

Бүгінде дала төсіндегі қызу еңбек бір сәтке де толастаған жоқ. Диқандар уақытпен санаспай еңбек етіп, әрбір масақтың жерде қалмауына күш салуда. Бұл – жердің ырысын еселеп, елдің берекесін арттыру жолындағы қажырлы еңбектің жарқын көрінісі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды