Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы әйелдерінің іскерлік конгресі жұмысын бастады. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, өңірлік экономиканы нығайту, жаңа бизнес бастамаларды ынталандыру, тәжірибе алмасу мәдениетін қалыптастыру және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруды мақсат тұтқан басқосуды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалы Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Конгрес жұмысы барысында форум қатысушыларына «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы өнімдер көрмесі таныстырылды. Көрмеге «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің жеңімпаздары шығаратын өнімдер қойылды.
Конгрес жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова, Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің жетекшісі Ләззат Рамазанова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалының директоры Асылан Ибадуллаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева қатысып, сөз сөйледі.
Конгрес аясындағы форум жұмысы «Open Turkistan» туристтік ақпараттық орталығы» ЖШС-нің басшысы Асқар Абубакировтың модераторлығымен басталды. Бүгінгі басқосу әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға, кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға, көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға және қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған маңызды алаң екенін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек атап өтті.
— Түркістан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің едәуір бөлігін әйелдер басқарады. Олар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында табысты еңбек етіп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы табыстары – тек экономикалық көрсеткіш қана емес. Бұл – отбасының әл-ауқатын арттыру, ауыл-аймақтардың дамуына үлес қосу, жаңа мүмкіндіктер мен жұмыс орындарын қалыптастыру деген сөз. Әсіресе, ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдердің белсенділігі өңір экономикасының тұрақты дамуына ерекше серпін беруде, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Әйелдер қанатының бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталып, бұл құрылымның аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарып үлгергенін атап өтті. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты бүгінгі таңда көптеген маңызды бастамалардың ұйытқысына айналып отыр.
— Әйелдер қанаты бүгінде 10 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Оның ішінде саясат, экономика, кәсіпкерлік, инклюзия, білім беру, денсаулық сақтау, халықаралық байланыс, ғылым, цифрлық даму секілді маңызды салалар бар. Бұл – әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігін арттырумен қатар, олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған нақты жұмыстар. Әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, экономиканың, бизнестің, қоғамдық дамудың қозғаушы күшіне айналып отыр. Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі артып келеді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда. Қолөнер, өндіріс, қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Сондықтан әйелдердің дамуына мүмкіндік беру – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті, — деді Гүлдара Нұрымова.
Өз сөзінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Мемлекет басшысының тапсырмасымен әйелдердің қоғамдағы рөлі мен құқықтарын қорғауға қатысты маңызды бастамалар қолға алынғанына тоқталып, партия тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
— Мемлекет тарапынан, әйелдердің бизнес бастамаларын қолдау, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, білім беру және кәсіби даму бағдарламаларын іске асыру бағытында, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі конгресс, осы мақсаттарға қызмет ететін, маңызды диалог алаңы деп білеміз. Мұнда, кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, өңірлік экономиканы әртараптандыру мен экспорттық әлеуетті арттыру және жастар мен әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту секілді, өзекті мәселелер талқыланады. Бұл бағыттағы пікірлер мен ұсыныстар, өңірдің дамуына тың серпін беріп, жаңа жобалардың жүзеге асуына, жол ашады деп сенеміз. Бүгінгі конгресс, жаңа серіктестіктерге, пайдалы байланыстарға, нәтижелі келісімдерге және болашақтағы табысты жобаларға негіз болады деп білеміз, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Конгресс барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева өңірдегі Әйелдер қанатының атқарған жұмыстары туралы арнайы бейнероликті таныстырды. Онда әйелдердің әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жобалар мен бастамалардың нәтижелері көрсетілді.
Облыстық Әйелдер қанатының жетістіктері ретінде «Әйел аманаты» телебағдарламасының іске қосылуы, ғылымдағы әйелдер бағытында атқарылған жұмыстар, «Әйел басқаратын кәсіпорын» жобасының іске асырылуы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, инклюзияны дамыту бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. «Балаңа уақыт арна» акциясының өткізілуі, тақырыптық қоғамдық қабылдаулардың өтуі, «Денсаулық керуені» жобасының іске асырылуы, ерте жүктіліктің алдын алуға арналған профилактикалық іс-шаралар, «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» жобасын іске асыру нәтижелері таныстырылды. Әйелдер көшбасшылығын қолдауда атқарылып жатқан жұмыстар мен депутаттық корпустың әйелдер белсенділігін қамтудағы бастамалары туралы маңызды ақпараттар айтылды.
Сондай-ақ форум жұмысында Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің жетекшісі Ләззат Рамазанованың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалының директоры Асылан Ибадуллаевтың хабарламалары тыңдалды.
TED-х форматындағы платформада «АYKAN» ЖШС-нің құрылтайшысы Алмагүл Айқан «Әйел – көшбасшы: бизнестегі табысқа жету жолы» тақырыбында конференция өткізсе, «Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева «Біз AI дәуіріне дайынбыз ба?» деген тақырыпта маңызды идеялармен бөлісті. «Қазақстан Республикасы Экспорттаушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі нысанындағы қауымдастығы төрайымның орынбасары Мадинат Қаңлыбаева экспорттың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы қызықты сабақ өткізді. Ал белгілі сәулетші-қала құрылысының маманы, «Karimova Design Studio» компаниясының негізін қалаушы, триатлоншы Айгерім Каримова «Өміріңді өзгертетін үш күш: тәртіп, спорт және әрекет» тақырыбында лекция оқыды. Сондай-ақ идеялар талқыланған платформада танымал дизайнер, Arenov Studio компаниясының арт-директоры, брендинг және қабылдау экономикасы бойынша сарапшы Арыстан Аренов «Экономика воображения: как идеи, бренды и культура создают ценность в мире после сырья» тақырыбында дәріс өтсе, әлеуметтік кәсіпкер, «Дара Медиа» компаниясының директоры, «Дара Ұрпақ»Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театрының құрылтайшысы Рухабза Халдарбек «Әлеуметтік кәсіпкерліктен тұңғыш инклюзивті театрға дейін» тақырыбында лекция оқып, тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ конгресс жиынында әйел көшбасшылығы, өңірлік бизнес, экспорттық мүмкіндіктер, сәулет, креативті индустрия және цифрлық трансформация бағыттары кеңінен талқыланды. Қатысушылар өңірлік экономиканы дамытудағы әйелдердің үлесі мен жаңа мүмкіндіктері жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Іскерлік конгресс қорытындысында қатысушылар әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, инновациялық жобаларды қолдау және кәсіпкерлік экожүйесін дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге ниетті екендіктерін білдірді. Форум қорытындысымен іскерлік беделімен танылған бірқатар кәсіпкер қыз-келіншектер ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған марапаттарға ие болды.

