Түркістан облысы мен Қытайдың жетекші инфрақұрылымдық холдингі арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Шетелдік инвесторлармен ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында әлемдік деңгейдегі бірқатар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде өңір экономикасын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастаған делегация Қытайдың жетекші мемлекеттік инфрақұрылымдық холдингтерінің бірі – Hubei Communications Investment Group компаниясының басшылығымен ресми кездесу өткізді. Кездесуге компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Ян Чанбинь мырза жетекшілік етті. Тараптар көлік инфрақұрылымы, экологиялық технологиялар, ағынды суларды тазарту жүйелері, жасыл энергетика және сутегі инфрақұрылымын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады.
Hubei Communications Investment Group – Хубэй провинциясы Үкіметіне толықтай тиесілі ірі мемлекеттік инвестициялық корпорация. 2010 жылы құрылған компания бүгінде Қытайдағы ең қуатты инфрақұрылымдық холдингтердің қатарына кіреді. Оның жарғылық капиталы 26,5 миллиард юаньды, ал жалпы активтері 930 миллиард юаньнан асады. Компания 2025 жылғы Қытайдың 500 ірі кәсіпорны рейтингінде 222-орынға ие болған.
Холдинг 6873 шақырымдық жоғары жылдамдықты автомобиль жолдарын, Янцзы өзені арқылы өтетін 15 ірі көпірді, 320 сервистік аймақ пен автотұрақты және 402 ақылы жол бекетін басқарады. Сонымен қатар логистика, индустриялық парктер, қаржылық инвестициялар, цифрлық көлік жүйелері және жаңа энергетика салаларында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Кездесу барысында тараптар ең алдымен экологиялық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне назар аударды. Әсіресе шалғай елді мекендерде, туристік нысандарда, индустриялық аймақтар мен жол бойындағы сервистік кешендерде қолданылатын заманауи үлгідегі таралған ағынды су тазарту қондырғыларын енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Қытай тарапы кездесуде интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықталған «Цинфоман» кешенді ағынды су тазарту технологиясының мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл жүйе энергияны үнемдеу, қашықтан бақылау және қайта пайдаланылатын техникалық су өндіру секілді артықшылықтарымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар жасыл экономика мен төмен көміртекті даму бағытындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Hubei Communications Investment Group соңғы жылдары сутегі энергетикасы, электр көліктеріне арналған зарядтау желілері және экологиялық көлік инфрақұрылымын дамытуға ірі инвестициялар бағыттап келеді.
Компания басшылығы «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азия елдерімен серіктестікті кеңейтуге ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді. Осы ретте Түркістан облысы сутегі энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері және көлік-логистикалық инфрақұрылым бағыттарындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы алаң ретінде қарастырылуда.
Кездесу барысында Қанат Қайыпбек Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен таныстырып, өңірде жүзеге асырылып жатқан индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар жөнінде ақпарат берді. Облыс әкімінің орынбасары қытайлық инвесторларды Түркістан өңірінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырып, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Өз кезегінде Hubei Communications Investment Group өкілдері Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, инфрақұрылым, құрылыс, жаңа энергетика және экологиялық технологиялар салаларындағы әріптестікті тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Айта кету керек, холдинг құрамындағы құрылыс компаниясы көлік инфрақұрылымын инвестициялау және салу саласындағы толық циклді мемлекеттік кәсіпорын болып табылады. Компанияның жарғылық капиталы 6,5 миллиард юаньды, активтері 35,3 миллиард юаньды құрайды. Кәсіпорынның халықаралық деңгейдегі AAA несиелік рейтингі бар және автомобиль жолдары, көпірлер, азаматтық құрылыс нысандары бойынша жоғары санаттағы лицензияларға ие.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жасыл индустрия жобаларын бірлесіп іске асыру және екі өңір арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюына, сондай-ақ Түркістан облысына озық технологиялар мен ірі инвестицияларды тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

