Бүгін Шымкент қаласында түсті металл концентратын өндіретін және қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдейтін «Standard Steel KZ» ЖШС зауытының екінші кезеңі ресми түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі хабарлады.
Өз сөзінде қала әкімі бұл өндірістің іске қосылуы Шымкент экономикасына серпін беріп қана қоймай, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайтуға ықпал ететінін атап өтті.
«Елімізде өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы байқалады. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жаңа кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді», – деді қала басшысы Ғабит Сыздықбеков.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 13 миллиард теңгеден асады, нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алғашқы кезең аясында зауыт жылына 4 600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын өндірсе, жаңа қондырғылар іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемін едәуір арттыру жоспарлануда. Екінші кезеңнің нәтижесінде зауыт жыл сайын қосымша 20 мың тоннадан астам мырыш оксидін шығара алады.
Бұл жоба экологиялық тұрғыда тиімді өндірісті дамытуға бағытталған. Шымкенттің өнеркәсіп саласындағы осындай бастамалары қала экономикасын нығайтып, тұрақты даму жолындағы маңызды қадам болып отыр.