Сарыағаш ауданындағы «Жабай ата» шаруа қожалығы тропикалық белдеуде ғана өсетін жемісті жерсіндіріп, жылына 200 тоннаға дейін өнім жинауда. Осыдан 3 жыл бұрын егілген лимон ағаштары бүгінде жайқалып өсіп, жеміс беріп тұр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шаруаның айтуынша, жерді тұздылығынан айырып, жәндіктерден тазарту үшін алғашқыда қияр-қызанақ секілді өнімдер еккен. Бүгінде шаруашылықтың 12 гектар жерінде лимон ағаштары жеміс беруде. Әр гектарға 800 түп ағаш егілген. Лимон ағаштары енді 30-40 жылға дейін өнім береді. Шаруа лимон көшеттерін көршілес Өзбекстаннан әкелген. Жеміс ағаштарынан биылдың өзінде 200 тонна, ал алдағы уақытта 1 гектардан 40-50 тоннаға дейін лимон жинауды жоспарлап отыр. Өнім негізінен ішкі нарықта саудалануда. Қазіргі таңда жылыжайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

