ЖОСПАРЛАУ – АУДАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Келес аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс отызыншы сессиясы өтіп, оған мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Нұрхан Мережепов төрағалық етті, сондай-ақ отырыс жұмысына Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысты. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста ауданның даму бағытына тікелей әсер ететін «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» және «2025–2027 жылдарға арналған ауыл және ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешімдерге өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды. Бұл ретте Даурен Сариев ауданның алдағы жылдарға арналған қаржылық жоспарлау жүйесіне тоқталды.

— Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен нақтылау – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі. Біз енгізіліп отырған өзгерістер арқылы әлеуметтік нысандарды қолдауды, инфрақұрылымды күшейтуді және ауылдық округтердің қажеттіліктерін дер уақытында өтеуді мақсат тұтамыз, – деп атап өтті Даурен Нұрланұлы.

Сессия барысында Келес ауданының кейбір елді мекендерінің жер-шаруашылық орналастыру жобалары бекітіліп, 2018 жылы қабылданған бірнеше комиссиялардың құрамдарына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі, терроризмге қарсы, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың жаңартылған құрамдары бекітілді.

Сонымен бірге аумақтық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшесінің орнына жаңа мүше сайланып, комиссия қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді. Қаралған барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдап, сессия жұмысы белгіленген регламентке сай аяқталды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды