«АMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысы облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың қазіргі ахуалына арналды. Партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Уәлихан Рахиев, облыстық мәслихаттың депутаттары Ғани Райымбеков, Баймахан Сүлейменов, Нұржан Жамалбеков және кеңес құрамы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров, Сайрам, Қазығұрт, Сауран, Түлкібас ауданы әкімдерінің орынбасарлары, республикалық маңызы бар жолдардың сапасына жауапты ұйымдар — «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның және «КажСервис» ЖШС-нің Түркістан облыстық филиалдарының басшылықтары, партияның өңірлік филиалының жауапты қызметкерлері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынның мән-маңызына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысының Жолдауында 2025 жылы елімізде 12 мың шақырымға жуық жолдарды салу, оларды жөндеуден өткізу бойынша тапсырма берілгенін айтты. «АMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы бойынша Түркістан қаласында 30 шақырымдық, Сарыағаш қаласында 102 шақырымдық айналма жолдардың құрылыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Бұл екі жоба еліміз үшін үлкен стратегиялық мәнге ие автокөлік дәліздері болмақ.
— Облыс орталығы саналатын Түркістанда көлік саны жыл санап артып келеді. Транзиттік көліктердің қала сыртынан айналып өтуі үшін салынатын жол, қаланың транспорттық жүктелімін азайтуға көмегін береді. Ал, Сарыағаш шекаралық аймақта орналасқан қала болғандықтан, ондағы жүк қозғалысының ағыны өте жоғары. Транзиттік жүк көліктері үшін айналма жол салынатын болса, қала аймағындағы көлік қозғалысын реттеу мәселесі шешімін табатын болады. 2016 жылы пайдалануға берілген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, оның 327 шақырымы біздің облысқа тиесілі. Автомагистраль сауда, өнеркәсіп туризм, тағы да басқа көптеген экономикалық салалардың дамуына зор серпін беріп отыр. Осыған байланысты, жолдың жай-күйін бақылап отыру партияның басты міндеттерінің бірі болып табылады, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Жиында облыс аумағынан өтетін республикалық маңызға ие көлік дәліздерінің жағдайы мен өзекті мәселелері, оларды күтіп ұстау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Жол сапасына қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер көтеріліп, жолдарды күтіп ұстауда жіберіліп жатқан елеулі кемшіліктер сөз болды. Көлік жүргізушілерінің жол және оған қатысты инфрақұрылым мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде жариялаған орынды талаптары тыңдалып, кеңес мүшелерінің талқысына түсті.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбековтың хабарламасы тыңдалды. Жұмыс жиынында партиялық бақылау комиссиялары тарапынан республикалық маңызы бар жолдардың қазіргі жай-күйіне жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындылары жария етілді. Партия өкілдері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Сауран ауданы тұсындағы 2080 және 2089 шақырымындағы жол бөліктеріне сызат түскенін анықтаған.
Осы жолдың Түлкібас ауданы бөлігіндегі Шұқырбұлақ, Мичурин, Жаскешу елді мекендерінің тұсында жол жабындысы талапқа сәйкес келмейтіні, жол бөліктерінің кейбір тұстары төмен түсіп, отырғаны анықталған. Автобанға қосылатын жол тармақтарының, көпірлер мен өткелдердің тұсында жолдың тегіс болу талаптары сақталмағанына назар аударылды. Дәл осындай кемшіліктер автодәліздің Шымкент-Қазығұрт-Сарыағаш бағытындағы бөлігінде Жіңішке, Сарапхана, Майлыошақ, Атажұрт елді мекендері тұсындағы аймақтарында да кездесіп жатқаны айтылды. Өңірдің климаттық ерекшелігі жолдың сапасына ерекше қадағалауды талап ететініне мән берілді, жолдың жолақ сызбалары мен асфальт жабындыларын қайта қалпына келтіру мәселесі өзекті екені мәлімделді.
Жол сапасына қатысты сын-ескертпелер Сайрам ауданы бойынша Жібек жолы, Манкент, Ақсукент, Қарасу елді мекендерінің тұстары, Ордабасы ауданында Шұбар, Қайнар, Шұбарсу, Қажымұқан ауылдарының аймақтары бойынша айтылды.
Жиында көтерілген мәселелерге қатысты айтылған сын-ескертпелерге «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуат Нұрбаев жауап берді. Ұйым басшылығының хабарлауынша, Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Оның ішінде 301,5 шақырымы – ақылы жолдар санатына кіреді. Биыл облысымыздағы республикалық маңызы бар жолдарда 10 жоба бойынша жөндеу жұмыстары қарастырылған. Жалпы ұзындығы 210 шақырымды құрайтын бұл жобаларды іске асыруға 20,841 млрд. теңге қаралған.
Осы жобалардың ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің 2056 шақырымында Сауран елді мекені, Қызылорда облысы шекарасындағы туристік нысан — «Ескі Сауран қалашығына» бұрылыс алаңын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталған. Қалған 9 нысан ағымдағы жөндеу жобалары болып табылады. Ұйым басшылығы сондай-ақ автомобиль жолдарының бойында орналасқан аялдамалар мен демалыс алаңшаларын, санитарлық тораптарды, бұған қоса жалпы жол элементтерін сырлау, жаңарту жұмыстары, өртке қарсы минералды жолақ жырту, жол жиегін жөндеу жұмыстары атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Кеңес мүшелері Түркістан-Шымкент автожолының бойында өткен жылы жүргізілген жөндеу жұмыстарының сын көтермейтінін, ескіріп кеткен жол белгілерінің салдарын көлік жүргізушілері тартып отырғанын алға тартты. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» талаптарына сай келмесе де жолдың бойына кәсіпкерлік нысанға берілген рұқсаттың себебін сұрап, республикалық маңызды жолдар бойындағы ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуына тексеру жүргізілмейтініне көңілдері толмайтынын жеткізіп, өткен жылы кеңес отырысында көтерілген мәселелер шешімін таппағанына қынжылыс білдірді. Аталған өзекті мәселелердің түйініне мекеме басшысы ғана нақты жауап бере алатындықтан кеңес мүшелері қайта қарауды ұсынды.
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров облыс аумағындағы ақылы жолдар республикадағы көлік ағыны көп жол учаскелері болып саналатынын айта отырып, ақылы жолдан түскен қаржыны облыстың өзіне беру мәселесін көтерді. Сонымен бірге, жол таңбаларын ұзақ мерзімге жарамды болатын термопластке ауыстыруды ұсынды.
Кеңес отырысында «КажСервис» ЖШС-нің Түркістан облыстық филиалының директоры Нұрбол Абызбаевтың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мәселелері бойынша атқарылған жұмыс есебі де тыңдалды. Серіктестіктің құрамында 3 жол пайдалану бөлімі, 12 жол пайдалану пункті бар, барлығы 209 адам жұмыс істейді. Жолды күтіп ұстау міндетін 74 техника атқарса, оның 47-сі қысқы маусымдағы жол тазалау жұмыстарына жұмылдырылады. Мекеме өз қызметі шеңберінде жолдың жүріс бөлігін таңбалау, көтерілген бетонды қалпына келтіру, жолдың жүріс бөлігі мен жиегін тазалау, жуу, жол шұңқырларын жамау, жарықтандыру бағаналарын күтіп ұстау, жол жиегіндегі ағаштарды санитарлық кесу, аялдамалардың эстетикалық келбетін қалпына келтіру, жол ортасындағы білеулерді жөндеу, жол бойындағы және демалыс алаңдарындағы қоқыстарды тазарту, жаяу жүргіншілер жолақтарын қалпына келтіру, жол шетіндегі минералды жолақ жырту, тағы да басқа міндеттерді атқаратыны айтылды.
Кеңес мүшелері республикалық маңызы бар жолдардың сапасына тікелей жауапты қос ұйымның есебін тыңдай отырып, олардың алдында халық талабымен айқындалып отырған бірнеше өзекті мәселелер бойынша нақтылы шаралар қабылдауды жүктеді. Бірқатар ұсыныстар енгізіп, алдағы айда кеңес отырысын қайта өткізу бойынша шешім қабылдады.