Рухани астанада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев түркістандық тұрғындармен жүздесті. Келелі кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық мәслихаты депутаттары – Еркебұлан Хандиллаев, Жанар Темірбекова, Алмас Салимов, Баймахан Сүлейменов, Талғат Садуов, жергілікті ақсақалдары, құқық қорғау саласының өкілдері және аудан-қалалардағы өңірдің белсенді жастары да онлайн форматта қатысты. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының реформалары мен ұлттық даму бастамаларын түсіндіру, сондай-ақ өңірдің рухани-мәдени өміріне қатысты өзекті мәселелерді талқылау болды. Мәлік Отарбаев өз сөзінде Президент саясатының негізгі бағыты – қоғамның тұтастығын қамтамасыз ету және мәдени өркендеуді ілгерілету екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында халыққа жолдаған Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Өңірдің дамуы, жастардың білімге ұмтылысы және мәдениеттің өркендеуі қоғамдағы тұрақтылық пен өркендеудің маңызды алғышарты. Түркістанның еліміздегі тарихи әрі рухани орталық ретіндегі рөлі айрықша. Себебі, Түркістан қазақ руханиятының алтын қазығы. Сондықтан, облыс орталығы атанған көне шаһарға мемлекет тарапынан ерекше қолдау мен қамқорлық көрсетіліп келеді, – деді Президент кеңесшісі.
Жиын барысында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Президенттің Жолдауында айтылған бағыттар мен бастамаларға ерекше тоқталды. Жолдауда белгіленген міндеттер мен стратегиялық бағыттардың өңірде жүзеге асырылуы мен маңыздылығы туралы баяндады.
– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған 7 бағытқа қарасаңыздар 1-бағыт инвестиция тарту, 3-бағыт ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру деп көрсетілген. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн. теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобалар тобы қалыптасқан. Негізгі бағыттары өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу болып табылады. Биылғы жылы 332 млрд. теңгеге 57 жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 170,0 млрд. теңгеге 34 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Сонымен қатар, жиында сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, жастардың дамуы мен шығармашылық әлеуетін арттырудағы мемлекет қолдауының маңыздылығына тоқталды. Жиын қорытындысында қатысушылар өңірдің дамуы жолында ел игілігі үшін өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін атап өтті.

