ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен кезекті штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен  2025 жылы іске асырылып жатқан нысандар бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, анықталған кемшіліктерді жою жайы талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты тұлғаларға сапаға аса мән беруді ескертіп, бірқатар міндет жүктеді.

–  Қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде орындауды қатаң бақылауға алыңыздар. Жауапты мердігерлердің жұмысына жүйелі мониторинг жүргізіп, олқылықтар анықталған жағдайда тиісті шара көруді тапсырамын. Берілген тапсырмалар мерзімінде және нақты орындалуы тиіс. Жауапкершілік тікелей өздеріңізде, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Жиында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Меиржан Джалаиров атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы баяндады. Сонымен қатар облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстары атқырылып жатқан жолдардың сапасы бойынша «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Қайрат Шакиров есеп берді.

Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым, аудандық маңызы бар жолдары – 1726 шақырым, елді мекен көшелері – 11 305 шақырым.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша филиалы қала және аудандардағы нысандарға мониторинг жүргізіп, жыл басынан бері облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары сондай-ақ, көше жол желісі нысандарынан бірқатар кемшілік анықтап, бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала және аудан нысандарынан 1284 жол құрылыс материалы іріктеп алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері асфальтбетон өндіретін заводтарға мониторинг жүргізілді. Жалпы Түркістан облысында 29 асфальтбетон шығаратын завод бар. Оның ішінде, 5 завод бүгінде жұмысын тоқтатқан.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев Түркістан облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу және күтіп ұстау бойынша мәлімет берді. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағы бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы желісі 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы 212,9 шақырымды құрайтын жолды орташа және күрделі жөндеу бойынша 11 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, жолдарға 2 күрделі және 9 орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды