Түркістанда мас күйде көлік басқарған жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласының полицейлері патрульдеу барысында бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кеткен «Changan» автокөлігін байқап, тоқтатуға әрекет жасады. Алайда жүргізуші полицияның талабына бағынбай, жасырынуға тырысқан.
Жедел шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары құқық бұзушыны ұстады. Оның құжаттарын тексеру кезінде ішімдік ішкеніне күдік туындап, жүргізуші медициналық куәландыруға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде ер адамның масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлік айыптұраққа қойылды. Жинақталған материалдар әкімшілік сотқа жолданды.
Полиция департаменті барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, мас күйде көлік жүргізуден бас тартуды қатаң ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз!

