Түркістан облысында тұрғындардың күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелердің бірі — жол құрылысының сапасы мен уақытылы аяқталуы. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының Келес аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Сарыағаш-Жетісай бағытындағы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолы мен бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексеріп қайтты. Бұл туралы “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Халық көптен бері көтеріп жүрген түйткіл — Сарыағаш – Келес – Жетісай бағытындағы А-15 автомобиль жолының жағдайы. Бұл бағыттағы күрделі жөндеу жұмыстарының баяу жүруі мен сапасына қатысты шағымдар жиі айтылып келеді. Аталған жол өңірдің басты күре тамырларының бірі ретінде саналып, тек облыс ішіндегі ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызға ие.
«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бахьтияр Таженов, комиссия мүшелер Нұржан Шаулиев, Нұрхан Мережепов және Даурен Алимбаев аталмыш жол құрылысымен танысып, мердігер мекеменің жұмыс барысына зер салды.
Жол жөндеу жұмыстарының мердігері ретінде «Алем Транс Жол» ЖШС анықталған. Құрылыс 2025 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Комиссия төрағасы Бахътияр Таженов партиялық бақылау тек формалды сипатта емес, нақты нәтижеге бағытталғанын атап өтті. «Біз халықтың аманатын арқалап отырмыз. Әрбір сапасыз салынған жол — тек қаржылық шығын емес, адамның өміріне қауіп төндіретін фактор. Сол себепті жол сапасы мен құрылыс мерзімі жіті назарда болады», – деді ол.
Партиялық бақылау комиссиясы осы күні Қошқарата ауыл округіне қарасты Бесқұбыр елді мекенінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысымен де танысты. Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Медициналық қызметтің сапасын арттырып, ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке жедел қол жеткізуін қамтамасыз етуге көзделген.
Аталған нысанның мердігері ретінде «Барыс Строй-2030» ЖШС жұмыс істеуде. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр және алдағы үш айда нысан халық игілігіне тапсырылады.
«Медициналық қызметтің қолжетімділігі — ауыл өмірінің сапасын арттырудағы негізгі көрсеткіштердің бірі. Жаңа ФАП елді мекендегі ана мен баланың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бастама», – дейді комиссия төрағасы Нұрхан Мережепов.
«AMANAT» партиясының Келес аудандық филиалы өз бақылауын күшейте отырып, әрбір әлеуметтік жобаның халыққа тиімділігін, уақытылы және сапалы іске асуын қамтамасыз етуге ұмтылуда. Партиялық бақылау тек тексерумен шектелмей, қажетті жағдайда проблемаларды жоғары деңгейге жеткізу және шешімін табуға ықпал етуді көздейді.
Бұл бастамалар партияның “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына сай жұмыс істеуге тырысатынын көрсетеді.