ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы Қуандықтың төрағалығымен теміржол және автомобиль жолдарында ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша мәжіліс өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліске құзырлы мекемелер, атап айтқанда: Арыс 1 станциясындағы желілік полиция бөлімі, Аудандық полиция бөлімі, Арыс қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ауылдық округ әкімдері, теміржол мекемелерінің басшылық құрамы, Арыс қаласы және ауылдық округтердегі ветеринариялық бекет меңгерушілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында, Арыс 1 станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Н.Б.Орынбаев ағымдағы жылы теміржол бойында ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуынан орын алған оқиғалар туралы хабарлама жасады. Өз сөзінде, ағымдағы жылы теміржолда шұғыл тежеу 55 рет орын алып, оның ішінде жолға адам шығу 5 рет, жылқы 10 рет, сиыр 20 рет, ұсақ мал 20 рет қолданылғанын жеткізді. Теміржолға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына ауыл әкімдігі мен ветеринария саласы мамандарымен бірлесе түсіндірме жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, жиында автомобиль жолдарында ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығу мәселесі де қаралды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының қараусыз қалып, теміржол немесе автомобиль жолдарына шығуы, жолаушылар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, шаруаларды да айтарлықтай шығынға ұшыратуы ықтимал.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.04.2020 жылғы №145 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларына» сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау белдеулері мен санитариялық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейді және адамдардың қадағалауынсыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз жүрген жануарлар болып есептеледі.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 559 бабы «Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Осыған байланысты, өз иеліктеріңіздегі үй жануарларыңызды қараусыз қалдырмауды, түнгі мезгілде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үй жануарларына жарық шағылыстырғыш таспа орнатуды сұранамыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды