Бүгін «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен Намуратов Ислам Дадамұлы Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдаудың басты мақсаты — ауыл тұрғындарының көкейіндегі өзекті мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыру, халықпен ашық әрі тиімді диалог орнату. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдау барысында ауыл тұрғыны Ш.Ниязкулов Иқан ауылындағы Әмір Темір көшесінің қашан асфальтталатыны жөнінде сауал қойды. Сонымен қатар, 2-топ мүгедегі ретінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, осы бағытта қолдау көрсетілуін сұрады.
Қабылдауға келген ауыл тұрғыны Н.Бирсонова Иқан ауылындағы Исмаилов көшесінде тұратындығын айтып, алдағы уақытта халық емшілігімен айналысу жоспары бар екендігін жеткізді. Осы мақсатта арнайы ғимарат салып, тұрғындарға қызмет көрсету үшін жер телімі бөлінсе деген өтінішін білдірді.
Қабылдауға келген М.Абдувахабова Сайдмурод Болыс көшесінде тұратынын жеткізіп, ауыз судың тапшылығы мәселесін көтерді. Сондай-ақ, көшені абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін ағын су қажет екенін атап өтті.
Сауран аудандық мәслихат депутаты Ислам Дадамұлы көтерілген мәселелер назарға алынып, заң аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аталған өтініштер бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстар жолданатыны жеткізді.

