ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Ауданға инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға алған Жетісай ауданында аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құруға қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беру мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов аталмыш аймақта болып, құрылысы жүріп жатқан зауыттарды көрді. Шет ел инвесторларымен кездесті.

Жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (7,5 миллиард теңге) құрайтын зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын болады. Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз.

Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялды аймақта орналастырылуы межеленген жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 жобаның 29,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жобасы, нақтырағы, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылы пайдалануға беріліп, жаңадан 1083  тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, ауданға 2022 жылы 14,9 миллиард теңге, 2023 жылы 25,4 миллиард теңге, 2024 жылы 43,7 миллиард теңге, ал, биылғы жылдың 8 айында 22,3 миллиард теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 миллиард теңгеге жеткен. 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 миллиард теңгенің инвестициясын тарту көзделген.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды