ЖЕТЕКШІ МАМАНДАРДЫҢ ҚАТЫСУЫ – БҰЛ БАСТАМАНЫҢ МАҢЫЗЫН АЙҚЫНДАЙДЫ

Бүгін  Түркістан қаласында халықаралық маңызы зор ғылыми іс-шара – «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы өтті. Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасымен және отандық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылған айтулы жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Венгрия және Қазақстаннан жалпы алты мемлекеттен танымал сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен мәдениет саласының сарапшылары жиналды. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жетекші ғалымдар да айтулы жиыннан бой көрсетті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен симпозиумды Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова ашып, жүргізіп отырды.  Симпозиум отырысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Маңызды басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозиум жұмысына сәттілік тілеп, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде архитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы – бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Ал,  түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі қызметі мен атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғанын атап өтті.

Симпозиум жұмысы әрі қарай пленарлық отырысқа ұласты. Әзербайжан Республикасы Археология және антропология институты директорының орынбасары З.Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Юсупова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен профессор, т.ғ.д.  М.Қожа баяндама жасады. Симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналған.

Айта кетейік, халықаралық шараның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау. Сәулет және реставрация саласындағы шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу. Бұл жиында майталман мамандар, сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен зерттеушілер сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін бас қосып отыр.

Симпозиум аясында сәулетшілер мен реставраторлардың ұйымдастыруымен Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу жоспарлануда. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Махмұд Қашқаридың (Барскани) «Диуани лұғат ат-түрктің» 950 жылдығына арналған көрме ашылып, «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық қойылымы сахналанбақ.  Одан соң, «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу»  және «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» деп атты тақырыптарда  екі секцияда ғылыми баяндамалар оқылып, пікірталастар мен тәжірибе алмасуларға жалғасты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды