ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ

Түркістан қаласында орналасқан химиябиология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бітіруші түлектері үлкен жетістіктерге жетуде. Нақтырақ айтқанда, 12 «К» сыныбының оқушылары Гайдаенко Алихан мен Каримжанова Дильнура әлемдік университеттердің QS рейтингісінде топ 50-ге кіретін беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Гайдаенко Алихан Канаданың Ванкувер қаласында орналасқан Британдық Колумбия университетіне (UBC) қабылданды. Бұл білім ордасы – Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, білім беру мен зерттеулер саласындағы көшбасшы. UBC ғылым мен технология саласында білікті мамандар дайындайды.

Ал, Каримжанова Дильнура Азияның үздік университеттерінің бірі – Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақырту алды. PolyU – әлемге танымал инновация және технология орталығы. Бұл оқу орны болашақ мамандарды заманауи ғылым мен өнеркәсіптің ең озық талаптарына сай дайындайды.

Айта кетейік, биыл Түркістан NIS-те алғашқы бітірушілер мектептен түлеп ұшпақ. Қазіргі таңда оқушылар сыртқы жиынтық бағалау емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу рәсімдеріне қызу дайындық үстінде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды