ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖАҢА БАСТАМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕ АҚПАРАТ БЕРІЛДІ

Бүгін Ордабасы ауданында ырыс пен берекенің мерекесі – «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда аталып өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекеге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, Түркістан облыстық «Amanat»  партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, ауданның құрметті азаматтары мен ауыл еңбеккерлері, тұрғындар мен қонақтар қатысты.

Аудан тұрғындары мен қонақтары жиналған думанды шарада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер, заманауи техникалардың көрмесі, жергілікті шаруалардың өнім жәрмеңкесі, асыл тұқымды малдар мен ауыл еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстары таныстырылды. Ауданның агроөнеркәсіп саласында жүзеге асқан жобалар мен жергілікті кәсіпкерлердің жаңа бастамалары жөнінде ақпарат берілді.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.

Биыл аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игеріліп отыр. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы маңызды жетістік.

Сонымен қатар жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер бөлініп, 42 шаруаға телім берілді. Оның 30-ы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау алған. Бүгінде 23 азамат жылыжай құрылысын аяқтап, алғашқы өнімдерін жинауды бастаған. Осылайша, аудандағы жылыжайлардың жалпы көлемі 134 гектарға жетті.

Биыл аудан шаруалары 144 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, еңбек өнімділігін арттырды. Нәтижесінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімі 450 мың тоннаға, ал өнімдердің жалпы құны 55,9 млрд. теңгеге жетті.

Мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. Бүгінде төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жетіп отыр.

Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, аудан еңбеккерлерінің жетістіктерін жоғары бағалады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды