ЖЕР – ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы Бәйдібек ауданында өтті. Мәжіліске облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Жиынға облыстық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен қатар, прокуратура органдарының жауапты өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы, облыстық жер қатынастары басқармасының, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы және Бәйдібек ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бақыт Қырғызәлиев, Ордабасы, Отырар аудандары әкімдерінің жер қатынастары саласы бойынша орынбасарлары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі жиын жайылым жерлерге қатысты қордаланған мәселелерді талқылау және ауыл тұрғындарының арыз-өтініштерін тыңдау мақсатында ұйымдастырылған. «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында: «Жер аманаты» жобасы аясында заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер, жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылатын болады», деп аталып өткен. Бүгінде аталған жоба аясында облысымызда оң шешімін тапқан мәселелер де жетерлік. Алайда, осынау жиында кейбір түйіні тарқатылмай жүрген жәйттер комиссия мүшелерінің талқысына түсті.

Комиссия төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы өз сөзінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов «Жер аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және анықтау бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Жер – халықтың басты байлығы. Ауыл тұрғындары үшін жайылым – күнкөрістің өзегі. Сондықтан бұл мәселе партиямыздың тікелей бақылауында» деп атап өтті. Комиссия төрағасы жайылым жетіспеушілігі мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырғанын, кейбір жайылымдық жерлердің мақсатсыз пайдаланылып немесе жеке меншікке өтіп кеткенін тілге тиек етті.

Сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев «Жер аманаты» жобасы аясында өңір тұрғындарынан түсіп жатқан өтініштер мен талап-тілектер жөнінде кеңінен тоқталды. Ол азаматтардың жерге қатысты көтеріп отырған мәселелері көп жағдайда жайылымдық жердің тапшылығы, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің болуы, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы ашықтық пен әділеттілікке деген сұраныс төңірегінде екенін атап өтті.

Жиынның күн тәртібіне сай отырыста Ордабасы, Отырар, Бәйдібек ауданында және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінде «Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша 2024 – 2025 жылдары атқарылған жұмыстар тыңдалып, Шаян ауылындағы жайылым жердің жетіспеушілігі жайы қаралды.

Ордабасы ауданына өткен жылға пайдаланылмай жатқан 2500 га жайылымдық жерлерді қайтару жоспары қойылып, жер пайдаланушылармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 2518 га жайылымдық жер аудандық қорға қайтарылып, ортақ жайылымдық жерлер көлемі – 25 626 гектарға жеткен. Биыл жыл басынан 885 гектар жайылымдық жер аудандық қорға қайтарылған. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов өз баяндамасында атап өтті.

«Қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жоспары дайындалып, аудандық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Алдағы уақытта жоспарда көрсетілген жер телімдері өз еркімен қайтарылмаған жағдайда, сотқа талап арыз беру арқылы мәжбүрлі түрде қайтарылады», — деді Мейрамбек Жамадилұлы.

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейт Елекеев өз баяндамасында ауданның жалпы жер көлемі 1 675 743 гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 611 787 га, суармалы — 45 558 га, жайылым — 565 858 гектарды құрайтынын атап өтті. «Жер аманаты» жобасы аясында өткен жылы 5 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылуы керек болса, жыл қорытындысымен ауданның жер қорына 8,3 гектар қайтарылған. Ал биылғы 7000 гектар меженің 2,5-і орындалып қойған.

Бәйдібек ауданында да өткен жылдың жоспары артығымен орындалған. Биыл мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс 13 гектар жердің қазіргі таңда 57 пайызы жүзеге асқан. Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызәлиев дегенмен, аудан орталығы — Шаян ауылының ортақ жайылым жер мәселесі өзекті болып отырғанын жасырмады. «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тіркелмеген, айналасында орналасқан басқа ауыл округтеріне тиісті жерлер егістік немесе суармалы мақсатындағы жерлер болып табылады. Оны ортақ жайылым жерлерге қосуға мүмкіндік жоқ. Соған қарамастан шешу жұмыстарын қарастырып жатырмыз»- деген Бақыт Тұрсынәліұлы Шалдар елді мекеніне қарасты 7200 гектар жер телімі Арыс қаласына қарасты Дермене ауылы округінің игіліне пайдаланып жатқанын, оның 4000 гектарын ортақ жайылым ретінде беруін ұсынды. Халық арасындағы осынау даулы мәселенің шешімін облыс деңгейде қарап беруін сұрайды.

Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың мәлімдеуінше, жыл басынан қазіргі таңға дейін облыстағы пайдаланылмай немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан 17 595,6 гектар ауыл шаруашылығы жерлері аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен бірге, департамент тарапынан жыл басынан 3 978,7069 га жер бойынша сотқа жалпы — 281 талап арыз беріліп, бүгінде оның — 24-і оң шешімін тапқан.

Жиын барысында оған қатысушылар партияның «Жер аманаты» жобасын іске асыруда бірқатар өзекті ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Комиссия мүшелері айтқан ұсыныстардың қатарында «Жер аманаты» республикалық комиссия мүшелерінің ауыл-аймақтарда кездесу жиындарын өткізу жайы айтылды. Себебі, жерге қатысты көптеген мәселелер Парламент Мәжілісі депутаттарының, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуын талап етіп, орталық деңгейде қабылданатын шешімдерге келіп тіреледі. Соның ішінде Жер кодексіне қажетті өзгерістер енгізу, жердің мақсатты пайдалануын құқықтық номалар шеңберінде бекітуді талап ететін түйткілдер көп. Бұл мәселе бойынша облыстық партия филиалы партияның орталық аппаратымен тиісті жұмыстар жүргізетін болады.

Сондай-ақ, мәжіліс барысында инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу кезінде көптеген егістік алқаптары қазылып жатқаны айтылды. Бұл жағдай біріншіден егін еккен шаруаларға қолайсыздық туындатып отырса, екінші жағынан қазылған шұңқырларға мал-жануарлар түсіп зардабын көріп жатқаны мәлімделді. Бұл жөнінде де уәкілетті мемлекеттік органдардан нақты шаралар қабылдау талап етілді.

«Жер аманаты» бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуын жыл соңына дейін созбалаңға салмай есепті жылдың қорытындысы бойынша барлық межені түгелдей орындап, статистикалық есептерге енгізілуін басшылыққа алу жүктелді. Сондай-ақ, Ордабасы ауданы бойынша салынып жатқан су қоймасына қажетті жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт, Домалақ ана сынды қасиетті орындардағы жер учаскелерін коммуналдық меншікке алу, елді мекен аумақтарындағы зираттар орналасқан жерлерді коммуналдық меншікке алу мәселелері бойынша ұсыныстар айтылып, тиянақты шешімдер қабылдау керектігіне назар аударылды. Бұл мәселелердің барлығы партияның облыстық филиалының жіті қадағалауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды