ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ТЕ ТАБАНДЫЛЫҚТЫ, ТАЗАЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда. Аталған бастама аясында  9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа  күрес күніне орай ағаш отырғызу шарасы өтті. Шара барысында «Бірлік аллеясы» ашылып, 150-ге жуық ағаш егілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында өткен шараға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, басқарма және департамент басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен ерікті жастар қатысты.

– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін ағаш отырғызу арқылы атап өту – үлкен символдық мәнге ие. Себебі, жемқорлыққа қарсы күрес те дәл осы табиғат сияқты – табандылықты, тазалықты және жаңаруды талап етеді. Ағаш отырғызу арқылы біз қоғамда жаңаруға деген ұмтылысты бекітіп, келешек ұрпаққа аманат қалдырамыз, – деді Нұралы Әлмаханұлы.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Әбдісаттарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыста нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ол табиғатты аялау мен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте   бірлесе  жұмыс істеуге шақырды.

Шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылды. Жалпы биылғы жылдың күзгі маусымында өңірде 500 мыңнан астам  ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда  орман шаруашылығы мекемелерінен 400 мыңнан аса көшет босатылып, егілуде. Олардың қатарында қарағай, терек, қарағаш және үйеңкі сынды ағаш түрлері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды