ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ТӘРТІП – АУДАННЫҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ!

Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы баяндама аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Мансұр Ашраповқа тиесілі болды. Ол 89 индикаторлық көрсеткіштің орындалу барысы жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін саралады және алдағы жоспарларға тоқталды.

Келесі мәселе — 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық. Бұл бағыттағы жұмыстар жайында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, аудандағы 127 білім беру мекемесінің қысқы дайындық паспорты алынған. 54 денсаулық сақтау нысаны, 16 мәдениет ошағы мен 4 спорт мектебінің жылу жүйесі толық тексеріліп, қысқы маусымға дайындалған.

Ленгер қаласындағы жалдамалы пәтерлердің қарыздарын өндіру және борышкерлерге қатысты сот процестері де талқыланды. Көпқабатты үйлер бойынша жалпы берешек көлемі 85 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 30,3 млн теңге өндірілді. 10 пәтер иесіне қатысты іс сотқа жолданған, ал 12 пәтер иесінің құжаттары әзірлену үстінде.

Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы: «Мемлекет тарапынан берілген жалдамалы пәтерлер бойынша ай сайынғы төлемді төлеу – әрбір пәтер иесінің заңды міндеті. Бұл талапты орындамау немесе төлемнен жалтару – азаматтық жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Осыған байланысты әр пәтер иесімен жеке жұмыстар жүргізіліп, барлық берешекті толық өтеу қамтамасыз етілуі тиіс», деді.

Сонымен қатар, күзгі ағаш отырғызу маусымына дайындық барысы қаралды.

Өндірістік парктерді құру мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков хабарлады.

Жер қатынастары саласындағы жұмыстар мен жерді мемлекет меншігіне қайтару барысы жөнінде бөлім басшысы Бектөре Ешжан есеп берді.

Ал «Ленгер су» МКК директоры Арнұр Ермекбай кәсіпорынның берешектерін өтеу және төлемдер жайлы мәлімет берді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы «Берілген тапсырмалар сапалы және уақытылы орындалуы тиіс. Жауапкершілік пен тәртіп – ауданның даму көрсеткіші!», — деді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды