ҚҰЖАТ АЙНАЛЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗ БОЛУЫНА БАСА МӘН БЕРІЛДІ

Азаматтардың өтініштерімен жұмыс партиялық қызметтің негізгі бағыты әрі қоғам алдындағы ауқымды жауапкершілігі болып белгіленген. «AMANAT» партиясының аумақтық филиалдарында азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру – кәсіби құзыреттілікті арттыруға арналған аса маңызды міндет. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Заманауи талаптарға сай, өтініштерді тіркеу мен қадағалау «е-Otinish» және «Documentolog» сияқты цифрлық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Бұл үдерістер шешім қабылдаудағы ашықтықты арттырып, процестің толық бақылауда болуын қамтамасыз етеді. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі аумақтық партия филиалдары консультанттарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, олардың сапалы қызмет көрсетудегі білім-білігін жетілдіру және тиімді шешімдер қабылдануындағы жеке жауапкершіліктерін арттыруда оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысты.

Өтініштермен жұмыс барысындағы нақты мысалдар, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіндегі регламенттер, электронды тіркеу жүйелерінің алгоритмдері, өтініштерді қабылдау, тіркеу және бағыттау, өтініштердің қаралу мерзімдерін қатаң сақтау мәселелері айтылған жиында облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі қойып отырған талаптары түсіндірілді.

Семинарда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі «e-Otinish» жүйесінің көмегімен өтініштерді қарау процесінің ақпараттылығын және жауаптардың сапасын бағалау сервисін атап өтті. Бұл жүйеде азаматтар жолдаған шағымдар, арыздар, ұсыныстар, өтініштер, хабарламалар не сұратулар бірыңғай форматта рәсімделетініне назар аударылып, әр өтінішке автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі берілетіні айтылды. Электронды жүйе өтініштің мазмұнына қарай оны жергілікті атқарушы органға, мемлекеттік мекемеге, ведомстволық бағынысты ұйымға бағыттайтыны түсіндіріліп, автоматты түрде орындаушыны және қарау мерзімін белгілейтіні, егер қарау мерзімі бұзылса, ескерту берілетіні атап өтілді.

Өтініштермен жұмыс жүргізетін партия қызметкерлеріне «Documentolog» электронды құжат айналымы жүйесінің маңыздылығы туралы да пайдалы ақпараттар ұсынылды. Барлық шығыс, кіріс және ішкі құжаттарды цифрлы форматта жүргізуге пайдаланылатын жүйенің артықшылықтары ретінде жұмыс жылдамдығын арттыруға, бақылауды күшейтуге, кез келген құжатты электронды мұрағаттан табуға мүмкіндік беретіні түсіндірілді. Жүйенің негізгі модульдерін күнделікті жұмыста пайдаланудың нәтижесінде құжаттың қозғалысын онлайн қадағалауға, келісім процесстерін жылдамдатуға, орындаушылық тәртіпті автоматты түрде бақылауға, құжат айналымының қауіпсіз болуын қамтуға болатынына баса мән берілді.

Партияның Түркістан облыстық филиалы кәсіби біліктілігі жоғары партиялық кадрлар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөліп, осы арқылы партияішілік орындаушылық тәртіпті күшейтуге басымдық беріп отыр. Біз өз әріптестеріміздің кәсіби тұрғыда білікті, заманауи цифрлық дағдыларды меңгерген, талдау, сараптау жүргізу қабілетіне ие, жоспарлау тиімділігін арттыратын, жауапкершілігі жоғары, жеке басқарушылық және коммуникациялық қасиеттерге ие мамандар болып қалыптасуына мүдделіміз және бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратын боламыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды