ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келес ауданында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындары және жастармен арнайы кездесу өтті. Іс-шара аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оны аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Түркістан облысынан арнайы ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысты. Атап айтқанда, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жұман Жансерік Бауыржанұлы жиынға қатысып, өз салалары бойынша баяндама жасады.

Кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жастар ұйымдарының өкілдері де қатысты.

Жиын барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері талқыланды.

Алғашқы сөзді Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов алып, қоғамдағы заң мен тәртіптің маңыздылығына тоқталды. Одан кейін Келес ауданы прокуратурасының прокуроры Даулет Әділбеков жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Келес ауданының білім бөлімінің бас маманы Насыр Сманов болса, жас ұрпаққа адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңірудің білім беру саласындағы рөліне тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жастарды ел болашағына жауапты, парасатты және адал азамат болып қалыптасуға шақырды.

Іс-шара соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жиынды қорытындылай келе, кездесуге қатысқан қонақтарға және белсенді жастарға ризашылығын білдірді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды