ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Түркістан облысында жасанды интеллекті бар Цифрлық медициналық орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар республика бойынша жасанды интеллект, ПАКС жүйесін денсаулық сақтау саласында жүзеге асыру мақсатында тиісті міндеттер жүктелді.  Осы орайда, өңірде жасанды интеллект жүйесін іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жүйені жүзеге асыру мақсатында мердігерлермен келісімшарт құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар «WDSOFT» мердігер өз қаражаты есебінен жасанды интеллекті бар Цифрлық медициналық орталық ашуды жоспарлап отыр. Аталған орталықта бірыңғай байланыс орталығы, жасанды интеллекті бар дауыстық роботтар, жасанды интеллекті бар өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары, ситуациялық орталықтар орналасады. Ал, PACS жүйесі сүт безі мен өкпе обырын, онкологиялық және басқа ауруларды ерте анықтауға және дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруға үлкен үлес қосады.

Облыс әкімі медицина саласын цифраландыру жұмыстарын жеделдетуді, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Медицина саласын цифрландыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу арқылы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруіміз қажет. Әрбір медициналық ұйым қолжетімділік, ашықтық және тиімділік қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс. Елді мекендердегі учаскелік дәрігерлердің, мамандардың біліктілігін, қызмет сапасын көтеріңіздер. Денсаулық сақтау ұйымдарына тұрғындарды рұқсатсыз әрі заңсыз тіркенген емханаларға қатаң шара қабылдауды тапсырамын. Мұндай заңсыздықтарға жол беруге болмайды. Ана мен бала денсаулығын ерте қадағалауға алып, қауіпті жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізу керет, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аппарат отырысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшы Асхан Байдувалиевтің баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың қортындысымен медикодемографиялық көрсеткіштер тұрақты жағдайда. Бүгінгі таңда халықтың медициналық ұйымдарға тіркелу мәселесі өзекті. Басқарма тарапынан заңсыз тіркеу деректерін анықтау жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылып, жіберілген кемшіліктер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Биыл облыс көлемінде 262 бейінді дәрігер тапшылығы бар. Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен маман тапшылығын шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында жоғары білімнен кейінгі оқу орындарында медициналық кадрларды резидентурада даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен 251 грант бөлінді. Жоғары оқу орындарын бітіретін резиденттер 2026 жылдан бастап 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен өңіріміздегі медициналық ұйымдарға жұмысқа орналаса бастайды. Атап айтқанда, 2026 жылы 36 резидент (2027 жылы 135 резидент, 2028 жылы 75 резидент) жоғарғы оқу орнын аяқтап, жұмысқа орналасады. Биыл да 75 маманды резидентурада оқыту үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлу жоспарлануда.

Түркістан облысында заманауи талаптарға сай медициналық нысандар салынуда. Облыс орталығында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға тапсыру көзделуде. Мұнда жалпы 227 дәрігер қызмет атқаратын болады. Бүгінде кадрларды дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде.

Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана салу жоспарланған. Бүгінде бұл нысандарда жер жұмыстары басталды. Сонымен қатар Арыс және Сауран аудандарынан 500 келушіге арналған аудандық емхана құрылысына ЖСҚ әзірленуде.

Ауылдық елді мекендерде орналасқан денсаулық сақтау нысандарының басым бөлігі 1970-1980 жылдары салынған немесе ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Аталған нысандарды жаңарту мақсатында 2024 жылы 55 нысанның, 2025 жылы 35 нысанның құрылысы жүргізілді. Биыл бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін 20 медициналық нысанды салу қажеттілігі туындауда.  Жаңа нысандарды жеке инвесторлар салған дайын ғимаратты сатып алу арқылы іске қосу жоспарланып отыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды