Ордабасы аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер тобы елордада өткен сайыста топ жарды. Ауданның жас өнерпаздары халықаралық көпжанрлы «ALASH STAR» өнер байқауына қатысып, «Актерлік шеберлік» аталымы бойынша Гран При жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген өнер ұжымдары қатысқан. Қазылар алқасы қатысушылардың сахналық ойынын, актерлік шеберлігін, шығармашылық ойлауы мен қойылым мазмұнын сараптай келе, Ордабасыдан келген «Жас толқын» театрына жоғары баға берді. Жастарға тәжірибелі режиссер Перизат Баймаханова жетекшілік етеді. Өнерпаздар алдағы уақытта да аудан абыройын арттырып, биік белестерді бағындыруды көздейді.