1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі бүкіл еліміз бойынша кең ауқымда атап өтілді. Балаларды қорғау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қолайлы мүмкіндіктер жасау — «AMANAT» партиясы қабылдаған Сайлауалды бағдарламаның ең маңызды басымдығы болып табылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кешенді жоспар қабылданған екі жарым жыл ішінде, республикамыз бойынша 144,7 мың баланы қамтитын 1200 мектепке дейінгі ұйымдар ашылды, 512,8 мың оқушыға арналған 419 жаңа мектептер іске қосылды. Партияның Түркістан облыстық филиалы 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңде 96 жаңа мектептің құрылысын жүргізуді бақылауына алса, екі жылдың ішінде 36 мектеп пайдалануға берілді, оның 11-і – «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша салынды.
Сонымен қатар елімізде 2 мыңнан астам мектеп жаңғыртудан өткізіліп, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қызмет ететін 163 инклюзивті кабинет ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерде 3,4 миллионнан астам бала қосымша біліммен қамтылды. Балалардың шығармашылығын шыңдау, олардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етуде 18 нысан іске қосылды, оның ішінде шығармашылық орталықтары, оқушылар сарайы, өнер мектептері бар. Сондай-ақ республиканың әр өңірінде балаларға арналған 5 сауықтыру орталықтары ашылды.
Еліміздің ертеңі саналатын балалардың алаңсыз өмірі үшін жасалып жатқан бұл жұмыстардың бәрі де партияның белсенді араласуымен жүзеге асты. Алдымызға қойылған міндеттерді орындауда партиялық кеңестердің, фракция депутаттарының, партиялық бақылау құрылымдарының, бастауыш партия ұйымдарының сіңірген еңбегі орасан. Осы санаттағы жұмыстарды байыпты түрде жалғастыруда білім және тәрбие беру ұйымдарымен ықпалдастық байланыстарды арттырып келеміз.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Төлеби ауданындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылын тұрақты қамқорлығына алған және мереке сайын осында тәрбиеленіп жатқан балалардың жанынан табылуға асық болады. Биылғы мерекеде де Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев бастаған аманаттық өкілдер осы ұйымға арнайы келіп, балалардың қуанышымен бөлісті.
Мерекеге орай балалар үйінде «Балалар – ел болашағы!» атты салтанатты жиын өтіп, балалар меймандарға арнап өздері дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды. Жас өскінді мерекесімен құттықтаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, балаларға қуаныш сыйлау үшін партия өкілдері сонау Түркістан қаласынан арнайы келгенін жеткізді. Мемлекет балалардың сапалы білім алуы үшін, олардың спортпен тұрақты шұғылданып, дарынды, талантты боп өсіп жетілуі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырып беріп жатқанын айтты. Жас өскіндердің болашағынан зор үміт күтетінін айта отырып, бүгінгі жастар арасынан ертең ел тізгінін қолға алатын талапты азаматтар өсіп жетілетініне сенім білдірді. Партиямыздың атынан балалар ауылының тәрбиеленушілеріне үстел теннисі жабдықтарын табыстады.
Балаларға арналған мерекелік лебіздерін Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, партияның Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров білдірді. Балалар үйінің директоры Жәнібек Лебаев жас өскіндерге қуаныш сыйлауға асық болған «AMANAT» партиясына алғысын білдірді.
Жазғы демалыс маусымын мұндағы тәрбиеленушілер жаңадан іске қосылған модульді демалыс лагерінде өткізетін болады. Биыл балалар үйінің алты түлегі мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып отыр. Түлектер өздері армандаған жоғары оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, біріне бірі қамқор, үлкені кішісіне қорған боп жүрген балалар мектеп бітіріп жатқан аға-әпкелеріненен ақжолтай хабар күтіп отыр. Біз де түлектерге сәттіліктер тілеп, білім бәсекесінде замандастарының қатарынан суырылып алға шығады деген сенімдеміз! Қуаныштарың көп болсын, балақайлар!